Павлодар облысының әкімі ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа шараларын талқылауға қатысты
Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңес қорытындысы бойынша тиісті құжат бекітілді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа деңгейіне шығару және жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа шараларын талқылауға Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Жамбыл және басқа облыстардың әкімдері қатысты.
Премьер-Министр алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Ауыл шаруашылығы және Су ресурстары министрліктері өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жұмыс істеу тәсілдерін қайта қарау қажет екенін баса айтты.
— Әрбір өңір үшін өсудің қолда бар резервтері мен даму әлеуетін ескере отырып, көрсеткіштер айқындалды. Моно және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды азайту арқылы сұранысқа ие дақылдардың алқаптарын кеңейтіп, минералды тыңайтқыштар қолдану деңгейін арттыру қажет, — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдарының элиталық тұқымдары үлесін, машина-трактор паркін жаңарту деңгейін және су үнемдеу технологиялары енгізілген алаңдарды арттыру қажет.
— Әкімдіктер мен министрліктер тарапынан аталған көрсеткіштерге қол жеткізуге тұрақты бақылау орнату қажет. Бүгінде біз жұмысымызда жаңа тәсілдер қабылдап жатырмыз. Облыс әкімдіктері Жол картасында көзделген өз көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуі керек. Бұл үшін жеке жауапкершілік артылады, — деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайылов Жол картасының орындалуына ай сайын мониторинг жүргізуді және аталған мәселені тоқсан сайын Үкімет отырысына шығаруды талап етті.