Павлодарда әйел дәмхананың қасында қызын ұрып-соққан
Полицейлер оның жеке тұлғасын анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша облыстық балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева Instagram желісіндегі парақшасында дәмхананың жанында қызын ұрып-соққан әйел туралы мәлім етті. Бұл оқиға жайлы оған куәгерлер айтып берген. Осыдан кейін Сәуле Шәкенева полицияға хабарласқан.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі әйелдің бейнекамералар арқылы табылғанын хабарлады.
– Қызметкерлер дәмхананың бейнежазбаларын зерттеп, әйелдің кім екенін анықтады. Аталған фактілердің алдын алу жөнінде ата-анамен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Сондай-ақ, ювеналды полиция бұл отбасын бақылауға алды, – деп түсіндірді ведомствода.
Сонымен қатар, әйел адамға қатысты материалдар қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданады.