Павлодарда әйгілі жерлестеріміздің домбыралары көрмеге қойылады
Кеш барысында арнайы көрме ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
5 шілде күні Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Ұлттық домбыра күніне арналған «Қасиетті домбыра» атты ән-күй, рухани-әдеби іс-шара ұйымдастырылады.
– Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісіне дөп келетін, ұлттық аспабымызды ұлықтауға арналған бұл мереке 2018 жылдан бері елімізде кеңінен аталып өтуде. Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі де – халқымыздың домбыраға деген құрметінің бір көрінісі, – дейді музейде.
Іс-шара барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, қазақтың ұлттық аспаптары, атап айтқанда, әйгілі жерлестеріміз Мұзафар Әлімбаев, Кәукен Кенжетаев, Рахметхан Нұрбасаров, Мейрам Асылғазин, Нұтфолла Шәкенов, Зекебай Солтанбайұлының жеке домбыралары қойылады.
Сондай-ақ, кеште өңірімізге белгілі әнші-күйшілердің орындауында қазақтың танымал әндері шырқалып, күйлер шертіледі.