Павлодардан мыңнан астам жас әскер қатарына аттанды

Павлодардан мыңнан астам жас әскер қатарына аттанды
Фото: Константин Шелков

Павлодарда күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметіне шақырылған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер алаңында өткен іс-шара республикалық «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға облыс әкімі Асайын Байханов, ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты.

Өңір басшысы жас сарбаздарға әскери қызмет тәртіпке, жауапкершілікке, батылдық пен отансүйгіштікке баулитын мектеп екенін атап өтті.

– Отанды қорғау – абыройлы әрі қастерлі міндет. Әскери қызмет сіздердің шыңдалып, жауапты шешімдер қабылдауға және командада жұмыс істеуге үйренулеріңізге ықпал етеді деп сенемін. Осы жолдан абыроймен өтіп, әскери борыштарыңызды лайықты атқарып, елге аман-есен оралуларыңызға тілектеспін, – деді Асайын Байханов.

Өңір басшысы әскерге шақырылушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясын табыстап, оларға батылдық, табандылық және әскери қызметте сәттілік тіледі.

Күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Павлодар облысынан мерзімді әскери қызметке мыңнан астам азаматты жіберу жоспарлануда. Олар Қарулы күштерге, Мемлекеттік күзет қызметіне, Ұлттық ұланға, ҰҚК шекара қызметіне және төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелеріне бөлінеді.