Павлодарда 300-ге жуық адам қаланы тазалады
Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» патриоттық құндылықтарын, сондай-ақ қоршаған ортаға құрметпен қарауды насихаттау.
– Бұл акция алдағы атом электр станцияларын салу жөніндегі референдумды қолдауға бағытталған. Павлодар облысының жастары бастаманы қолдауға шешім қабылдап, осындай ауқымды республикалық табиғатты қорғау акциясын өткізді, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Аталған науқан Павлодар қаласының бес аумағында өткізіліп, қаланың ластанған аймағын кең көлемде қамтуға мүмкіндік берді. Шараға қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар, білім беру ұйымдарының студенттері мен ұстаздары атсаласып, 300-ге жуық белсенді қатысты.
Сонымен қатар, Павлодар облысының АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабы осы жиналған белсенділермен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп өтті.