Павлодардан шыққан жас программист республиканы мойындатты

Павлодардан шыққан жас программист республиканы мойындатты
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің сайтынан

7-сынып оқушысы 9-сыныптар арасында өткен білім додасында бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Қостанай қаласында өткен ауқымды білім бәйгесінде информатика және математика пәндері бойынша 300-ден астам оқушы бақ сынады. Білім додасы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институты базасында өтті.

Еліміздің әр түкпірінен жиналған білімділер додасына Ертіс-Баян өңірінің атынан Павлодар қаласындағы №38 жалпы орта білім беру мектебінің 7-сынып оқушысы, лицей сыныбында білім алатын Имран Құсанов қатысты. Ол республикалық ауылдық информатика олимпиадасында өз қарсыластарынан білім деңгейінің жоғары екенін дәлелдеп, 1-орынға ие болды. 

Атап өтерлігі, Имран жетінші сынып оқушысы бола тұра, 9-сынып оқушылары арасында сынға түсіп, мектеп бағдарламасынан әлдеқайда жоғары білім деңгейін көрсетті.

– Имран ерте жастан компьютерге, математикаға және технологияларға қызығушылық танытқан. Уақыт өте келе информатика пәніне деген сүйіспеншілік оны жетістікке жетуге ынталандырды. Алгоритмдік есептерді шешу оған ерекше қызығушылық сыйлайды, ал олимпиадаларға қатысу оның дамуына және кәсіби өсуіне ықпал етеді, - дейді ұстаздары.

Республикалық информатика олимпиадасы жыл сайын еліміздің ең үздік оқушыларын біріктіреді. Қатысушыларға алгоритмдік тапсырмалар, деректермен жұмыс және бағдарламалық шешімдер әзірлеуді қамтитын күрделі тапсырмалар ұсынылады.

Соңғы 2 жыл ішінде Имран қалалық деңгейден республикалық деңгейге дейінгі сайыс жолынан өтті. Оқушы қалалық, облыстық және республикалық олимпиадаларда сәтті өнер көрсетіп, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

– Олимпиадаға қатысу мен үшін маңызды тәжірибе болды. Әр кезең маған жаңа білім берді. Тапсырмалар күрделі болды, әсіресе алгоритмдерді терең түсінуді және жылдам шешім қабылдауды талап ететіндер тапсырмалар мені шыңдады. Дегенмен дәл осындай жарыстар менің дамуыма ықпал етті. Мен үшін ең маңыздысы -информатика пәні мұғалімінің жетекшілігімен атқарылған жұмысымның жоғары нәтижеге жетуі, – деді ол.

Имранның информатикаға деген қызығушылығы оның тәлімгері, информатика пәнінің мұғалімі Ертай Соянның ықпалымен қалыптасты. Педагог №38 мектепте 2008 жылдан бері жұмыс істейді және 18 жылдық еңбек өтілі бар.