Павлодарлық психолог: Зорлық-зомбылық көрген балалар сенімсіз болады

Павлодарлық психолог: Зорлық-зомбылық көрген балалар сенімсіз болады
Фото: Автор

Зорлық-зомбылықты тоқтатуды насихаттайтын тақырып қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі өңірлік орталықта «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтті.

Шараға әлеуметтік қызмет мамандары, педагогтер және балалар қатысты. Сонымен қатар, Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина, Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенева, облыс бойынша «Аналар үйі» қоғамдық қорының өңірлік үйлестіруші Әсел Әбішева, психолог маман Максим Постоялко шарада өз ойларымен бөлісті.

–   Бұл диалог алаңында қатысушылар зорлық-зомбылықтың түрлері мен оның балаларға тигізетін әсері туралы пікір алмасты. Оның теріс салдары туралы арнайы видеороликтер көрсетіліп, балалардың психологиясына және өміріне тигізетін зияны сөз болды, – деді арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі өңірлік орталығы басшысының орынбасары Көркем Сағиева.

Психолог мамандардың айтуынша, зорлық-зомбылық көрген балалар өз-өзіне сенімсіз болады. Одан басқа сабаққа деген қызығушылықтары да жоғалады. Мұндай балаларда тұйықталу және белсенділіктің төмендеу сияқты белгілері жиі байқалады.

Сонымен қоса, балаға физикалық, эмоционалдық көңіл бөлмеу, балаға және оның қажеттіліктеріне қамқорлық жасамау нәтижесінде оның денсаулығына немесе дамуына қауіп төндіретінін, балаға мезгілдік, ұзақ немесе тұрақты психикалық әсер ету, тұлғаның дамуын тежеп, мінездің патологиялық қасиеттерінің қалыптасуына әсер ететінін түсіндірді.

–    Біз зорлық-зомбылықты тоқтатуды насихаттайтын тақырыпта сөз қозғаймыз. Бұл төңіректе ой бөлісіп, талқылайтын боламыз. Әдетте мұндай балалар тұйық мінезді болады. Яғни, олар жеке гигиенасын сақтамауы мүмкін және сырт келбетіне де мән бермейді. Сондай-ақ, олардың эмоционалдық күйзеліске түсуі жиі байқалады. Бұл көбінесе сабақтан қалу, білімге, ойынға қызығушылықтары жоғалуы сияқты белгілер арқылы көрінеді, – дейді психолог.

Маман ата-аналарға баланы барлық проблемаларымен, қиыншылықтарымен және қыңырлығымен сол қалпында қабылдауды және балаға ол өзін жақсы көретінін, бағалайтынын сезініру керектігін еске салды.

Айта кетейік, әлеуметтік орталықта қазіргі уақытта ата-аналары тастап кеткен немесе зорлық-зомбылық көрген 69 бала пана тауып отыр. Орталық қызметкерлері балаларға жекелей кеңес беріп, қолдау білдіреді.