Павлодардан шыққан жас шахматшы Түркияда әлемді таң қалдырды

Павлодардан шыққан жас шахматшы Түркияда әлемді таң қалдырды

Ол қазақстандық шахмат мектебінің биік деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 7 «А» сынып оқушысы Ахмет Сүлейман 13 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында блиц шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 

U9–U17 жас санаттары бойынша кадеттер арасындағы рапид және блицтен әлем біріншілігі Анталья қаласында өтіп, дүниежүзінің ондаған елінен келген ең мықты жас шахматшылардың басын қосты. Қатал бәсеке, ширыққан партиялар мен уақыттың тартысында Ахмет тәжірибелі гроссмейстерге тән салқынқандылықты, терең стратегиялық ойлауды және шебер ойынды паш етті.

Ахмет үшін шахмат – жай ғана ойын емес, темірдей тәртіп пен берік мінезді талап ететін зияткерлік спорт. 

– Тынымсыз жаттығулар, айқын мақсаткерлік және ұстаздарының қолдауы оны осындай мәртебелі халықаралық жетістікке жеткізді, – деді облыстық білім беру басқармасында.

Әлем чемпионатының медалі – жас спортшының жеке жеңісі ғана емес, лицей, Павлодар облысы үшін зор мақтаныш. Ахмет Сүлейман жасөспірімдер шахматының тарихына өз есімін нық жазып, қазақстандық спорттың болашағы сенімді қолда екенін айқын дәлелдеп отыр.