Павлодарлық жас спортшы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Адлен Сәкеновтің гір тасын көтеруден чемпион атануына сәл ғана ұпай жетпей қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің мәлімдеуінше, әлем чемпионаты Өзбекстанның Хива қаласында өткен. Оған 25 елден 650 спортшы қатысты.
Аталмыш оқу орнының өнер және спорт жоғары мектебінің ДШжС-23 тобының студенті Адлен Сәкенов Қазақстан құрама командасы сапында қатысқан. Ол 68 келі салмақта күш сынасып, жүлделі екінші орынды жеңіп алды.
Адлен Сәкенов жұлқа көтеруде 24 келі салмақтағы гір тасын 10 минут ішінде 193 рет көтерген.
Бапкер Нұржан Жұмажанның айтуынша, әлем чемпионы атану үшін Адленге аз ғана ұпай жетпей қалған.
- Адлен небәрі 18 жаста. Бала кезінен спортпен шұғылданады. Ол өте табанды, оның жеңіске деген ерік-жігері зор болды. Жастығына қарамастан үлкен нәтижелерге жетіп үлгерді, – дейді Нұржан Жұмажан.
Адлен Сәкенов Абай облысы, Курчатов қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан бастап түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда аудан, облыс, республика намысын қорғап жүр. Биылғы жылдың мамыр айында Қырғызстан Республикасының астанасы Бішкекте өткен гір көтеруден Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.