Павлодардағы мейірімнің мекені сәбилерге тоқыма киім тігумен 10 жыл айналысуда
Жергілікті «28 петель» клубы мерейтойын тойлайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2015 жылдың 23 қыркүйегінде құрылған бұл клуб бүгінде талай шақалаққа үміт сыйлап, жүздеген ананың жүрегіне қуаныш ұялатты.
Клубтың координаторы Махаббат Өтеуова клубпен қалай табысқанын ерекше ықыласпен еске алады.
– Тоқуды бала кезден білемін. Әжем үйреткен еді. Ал осы клубқа қосылуыма қоғамға пайдалы болсам деген ой түрткі болды. Әлеуметтік желіден бұл қозғалыс жайлы оқып, бірден байланысқа шығып, мүшелікке өттім. Содан бері 10 жыл бойы тоқтаусыз тоқыма тоқып келемін, – дейді ол.
Ал бастаманың негізін қалаған – белгілі фотожурналист Қарлығаш Нұржанова. 2012 жылы ол перинаталдық бөлімде түсірілім жүргізіп, жүннен тоқылған кішкентай шұлық киген нәрестені көреді. Сол сәттен бастап осындай қолөнердің мерзімінен бұрын туған сәбилер үшін қаншалықты пайдалы екені белгілі болды. Жүннен тоқылған бұйымдар нәрестелердің жылуын сақтап қана қоймай, жүйке ұштарын қозғап, қозғалысын арттырады. Осыдан барып «28 петель» атты волонтерлік қозғалыс дүниеге келді. Оның атауы да кездейсоқ емес – дәл 28 ілмек нәрестеге арналған шұлық тоқуды бастауға жеткілікті.


– Қазақстанда жыл сайын шамамен 450 мың сәби дүниеге келеді. Оның 12 баланың төртеуі мерзімінен бұрын туылып, салмағы мың грамнан аспайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ережелеріне сай, 2008 жылдан бастап салмағы 500 грамм бала да тірі туған деп есептеледі, – деді Махаббат Өтеуова.
Мұндай нәзік сәбилерге арнайы тоқылған киімдердің көмегі орасан зор. Клуб волонтерлері тоқитын бұйымдардың әрқайсысының өзіндік маңызы бар: жүннен тоқылған шұлық, бас киім, жилет, плед – нәрестенің дене температурасын сақтайды. Мақтадан тоқылған комфортер ойыншықтар нәрестеге ананың құрсағындағы байланысын еске салатын жылы сезім сыйлайды.
Бұл – жай ғана қолөнер емес, өмірді сақтап қалуға үлес қосатын, баланың болашағына жол ашатын нақты көмек.
Павлодарлық клубта бүгінде 27 волонтер бар. Олардың қатарында кәсіпкерлер де, педагогтар да, инженерлер де, үй шаруасындағы әйелдер де бар. Айына бір рет кездесіп, бірге тоқыма тоқитын, жаңа идеяларымен бөлісетін олар бір-бірін әрдайым қолдап, біртұтас отбасыдай өмір сүреді.
– Біз үшін бұл тек хобби емес. Әрқайсымыз қолымызбен кішкентай жанға жылулық сыйлаймыз. Ал осындай игі істің басында болу – үлкен бақыт, – дейді еріктілер.
Клуб жылдар бойы облыстық перинаталдық орталықпен тығыз байланыста. Осы уақыт ішінде 10 мыңнан астам бұйым табысталып, мерзімінен бұрын туған сәбилерге үлкен көмек көрсетілді.
– Клубтың басты күші – волонтёрлердің өз қаражаты мен жанқияр еңбегі. Дегенмен, жыл сайын қолдау көрсететін демеушілер де табылады. Биыл «RG Brands» компаниясы «Asu», «Piala» және өзге өнімдерімен белгілі Қазақстандағы барлық клубтарға айрықша қолдау көрсетті. Бұл қолдау аналардың алғысына бөленіп, еріктілерге шабыт сыйлады, – деді Махаббат Өтеуова.
Махаббат Өтеуованың айтуынша, клубқа мүше болу үшін кәсіби тоқушы болудың қажеті жоқ. Бір жұп шыбық пен жіп жеткілікті. Ең бастысы – ниет пен ықылас. Көптеген адамдар үшін тоқу – күйзелісті жеңудің, көңіл-күйді көтерудің тәсілі. Сонымен қатар, «28 петель» клубы – ортақ құндылықтары бар жандардың басын қосатын мейірімге толы орта.
«28 петель» клубы Павлодарда ғана емес, бүкіл Қазақстанда қайырымдылықтың, мейірімнің, жанашырлықтың нышанына айналды. Оның тарихы – қарапайым адамдардың үлкен жүрегі мен шынайы еңбегінің куәсі.