Павлодар облысында МӘМС арқылы ата-ана атанғандар көбейіп келеді

Павлодар облысында МӘМС арқылы ата-ана атанғандар көбейіп келеді
Константин Шелковтың фотосы

Бұл әдіс – ұзақ жылдар бойы бала сүюді армандап жүрген отбасылар үшін үлкен үміт пен ғылымның жетістігіне айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мамандардың айтуынша, экстракорпоральды ұрықтандыруға көбінесе 30-дан асқан әйелдер жүгінеді. Олардың қатарында бірнеше жыл бедеулікпен күрескендер де, нақты себебін анықтай алмағандар да бар. Көп жағдайда бұл – жатыр түтігінің бітелуі немесе мүлде болмауы, овуляция бұзылыстары, эндометриоз, ерлі-зайыптыларда репродуктивті қиындықтардың болуы секілді себептерге байланысты.

Қазір бұл процедура Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін жасалады. Бұл көптеген отбасы үшін үлкен мүмкіндікке айналды.

– Әйелдер бедеулік диагнозын алғаннан кейін немесе ұзақ уақыт бала көтере алмаған кезде ЭКО-ға жүгінеді, – дейді Павлодар қаласындағы №5 емхананың әйелдер кеңесі бөлімінің меңгерушісі Ирина Шмакова. – Бүгінде бізге ЭКО-ға жүгінетіндердің басым бөлігі – 30-35 жастағы әйелдер. 2025 жылы №5 қалалық емхана арқылы 46 әйелге процедура тегін жасалды. 

Павлодарлық Елена Понамарь-Свириденко – осы бағдарламаның нақты нәтижесін көрген аналардың бірі. Бұған дейін алты рет жеке клиникада ЭКО жасап, нәтиже болмаған. Алайда МӘМС аясында өткен жетінші процедура сәтті аяқталып, бүгінде ол сәби сүйіп отыр.

– Бұған дейін бірнеше рет үмітіміз үзіліп еді. Мемлекет бізге мүмкіндік беріп, өмірімізге шын мәнінде өзгеріс әкелді, – дейді ол.

2025 жылы Павлодар облысына 3555 ЭКО квотасы бөлінді. 

Экстракорпоральды ұрықтандыруды жасатқысы келетін азаматтар алдымен арнайы медициналық тексерістен өтіп, қажетті құжаттарды рәсімдеп, кезекке тұрады.

Мамандар бұл бағыттағы қолдаудың жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын айтады.