Павлодар облысында қатерлі дерт бойынша ерте диагностикалау жақсаруда
4 ақпан - Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш дата аясында өңірлік онкологиялық диспансердің дәрігерлері өңірдегі қатерлі ісікке шалдыққан науқастар мен осы салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
- Біз Павлодар облысындағы онкология бойынша есепте тұрған науқастарға көмек көрсететін жалғыз мамандандырылған мекемеміз. Бүгінгі күні есепте шамамен 14500 адам тұр. Оның 2500-ге жуығында қатерлі ісік жаңадан анықталып отыр. Бізде ерте диагностикалау көрсеткіші жақсарып келеді. Бүгінгі таңда оның көрсеткіші 33,3%-ды құрады. Осыған сәйкес, асқынған жағдайлардың саны азайып келеді. Бес жылдық өмір сүрудің үлестік көрсеткіші артты. Республикалық көрсеткіш бойынша біз «жасыл аймақта» тұрмыз, - деді онкологиялық диспансер директорының орынбасары Әсел Асқарова.
Спикер аурушаңдық деңгейінің артуын ерте диагностиканың жақсаруы мен скринингтік бағдарламалардың тиімді жұмыс істеуімен байланыстырды. Аурушаңдық құрылымында бірінші орында - сүт безі обыры, екінші орында - өкпе, үшінші орында - колоректалды обыр, асқазан және жатыр мойны обыры тұр.
- Бізде ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарламалар бар. Онда үш негізгі бағыт қамтылады. Мұнда сүт безі, колоректалды және жатыр мойны обырын анықтау көзделген. 174-бұйрыққа сәйкес, биыл скринингтік топтар кеңейтілді. Бұрын жас шегі 50 жасқа дейін болса, биылғы өзгеріске сәйкес жатыр мойны обырына скрининг 30 жастан 74 жасқа дейін 4 жылда бір рет жүргізіледі. Ал сүт безі обырына скрининг 40 жастан бастап 2 жылда бір рет, ал колоректалды обырға -50 жастан 76 жасқа дейін 2 жылда бір рет өтеді, - деді дәрігер.
Әсел Асқарова 2025 жылы скринингтік бағдарламалар арқылы анықтау жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Мәселен, жатыр мойны обырының 15 жағдайы, колоректалды обырдың 32 жағдайы және сүт безі обырының 107 жағдайы анықталған. Бұл облыс бойынша ерте диагностиканың жақсаруына айтарлықтай әсер етіп отырғанын тілге тиек етті.
Айта кетелік, онкологиялық диспансер 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес Павлодар облысы бойынша барлық индикаторларға қол жеткізген.