Павлодардағы тергеу изоляторында цифрлық офис ашылды

Енді сот шешімін күтіп отырғандар құжаттарды мекемеден шықпай-ақ алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Polisia.kz ақпараттық медиа-порталының мәліметінше, облыс бойынша ҚАЖ департаментінің №63 мекемесінде цифрлық офис өз жұмысын бастады. Бұл кеңсенің ашылуы қамауда отырған азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам саналады.
Осындай форматтағы кабинеттің құрылуы күдікті және айыпталушыларға оқшаулау жағдайында бола отырып, қажетті мемлекеттік қызметтер мен құжаттарды алуына мүмкіндік береді. Цифрлық офисті іске қосу жұмыстары осы жылдың қаңтар айында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында басталған болатын.
– Бүгінгі таңда мекемеде 400-ден астам адам сот шешімін күтуде. Тергеу изоляторында бола отырып, eGov порталы арқылы құжаттарды алу айтарлықтай қиын. Осыған байланысты біз бұл мәселені шешудің жаңа тәсілін енгіздік, – деді мекеме бастығы Берік Рахимов.
Қолжетімді қызметтер қатарында жеке куәлікті рәсімдеу, азаматтық хал актілерін тіркеу, жоғалған құжаттарды қалпына келтіру және өзге де заңды маңызы бар әрекеттер бар. Жобаның негізгі мақсаты – арнайы контингенттің құқықтық қорғалуын арттыру және олардың әлеуметтік бейімделуіне жәрдемдесу.
Цифрлық офистің жұмысы құжаттарды рәсімдеу мерзімін айтарлықтай қысқартуға, қамауда отырғандардың заңды құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бастаманың жүзеге асуы ведомствоаралық тиімді өзара іс-қимылдың нәтижесі және қылмыстық-атқару жүйесінде сервистік тәсіл мен цифрландыруды енгізудің жарқын үлгісі саналады. Жоба «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына және мемлекеттік қызметтердің барлық азамат, соның ішінде қамауда отырған тұлғалар үшін қолжетімділігін арттыруға негізделген.