Павлодардың дүкен сөрелерінде экзотикалық ет пайда болуы мүмкін
Өңір кәсіпорындарының бірі бұл міндетті өз мойнына алуға дайын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының ауыл шаруашылығы департаментінің мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Қайырболат Байсариновтің айтуынша, бұл "Ақжар Өндіріс" агрофирмасы ЖШС болуы мүмкін.
- Киіктердің көші-қонын реттеу – бұл жер қойнауын пайдалану мәселесі. «Ақжар Өндірісте» қой-ешкі етін өңдеу зауыты бар. Сондықтан, егер қажет болса болса, өңдеумен солар айналысады. Олар бұл туралы ойластырып жатыр. Біздің облыста киіктер тек Май және Баянауыл аудандарында ғана кездеседі, басқа аудандарда бізде киіктер жоқ, - дейді Қайырболат Байсаринов.
Сонымен қатар, Қазақстанда киіктердің етін сату мәселесі оң шешімін тапты. Мысалы, жабайы киіктердің етін Ұлытау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының базарларында қазірдің өзінде сатып алуға болады. Бағасы килограмына 1300-ден 1800 теңгеге дейін. Оралдық «Кублей» компаниясы консервіленген өнімдерге арналған киік етінің қорын жинауда.
Киіктің салмағы 15-тен 25 килограммға дейін. Сондықтан бір киік бағасы орта есеппен 31 000 теңге тұрады. Олардың мекендейтін жерінде 25 ет өңдеу зауыты жұмыс істейді.
Киік етін көшпелі халықтар бұрыннан бері дәмі жағынан сиыр етіне ұқсас және диеталық өнім ретінде тұтынып келеді. Ол КСРО-да, әсіресе Қазақстан мен Орта Азияның далалық аймақтарында азық ретінде де пайдаланылды: ет дайындау орталықтарына жеткізіліп, бұқтырылып, асханаларда пайдаланылды. Алайда, 1950-1970 жылдар аралығында аңды шамадан тыс аулауға байланысты киік саны күрт төмендеп, аулауға біртіндеп тыйым салынды.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы киік популяциясының болжамды саны төрт миллионға жуық деп есептеледі. Елдегі киік популяциясы тарихи тұрғыдан бұрынғы деңгейден асып түсті.