Павлодар облысы ауылдары үшін жаңа автобустар бөлінбек
Жаңа маршруттар облыстық бюджет есебінен субсидияланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соған сәйкес ұсынысты облыстық мәслихат депутаттары алдында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров сөз етті. Жобада депутаттар арқылы жеткізілетін ауыл тұрғындарының өтініштері ескерілді.
- Біз әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне қосымша тоғыз автобус бағытын қосуды ұсынамыз, соның ішінде сегіз облысішілік бағыт және Ақтоғай ауылы бойынша бір кентішілік бағыт бар. Бұл толықтырулар Ақтоғай ауданында сегіз ауыл, Железин ауданында – екі, Шарбақты ауданында – жеті, Аққулы ауданында – төрт, Ақсу қаласының ауылдық аймағында бес және Екібастұзда бір ауылда қосымша бағыттарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді, - деді Қанат Қашкиров.
Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Оған дейін Павлодар облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар 142 автомобиль қатынасы анықталған еді. Олардың 20-сы облысішілік, 67-і ауданішілік және 55-сі қалалық қатынастар.
Маршруттарды субсидиялау тұрғындар үшін қолжетімді тариф деңгейін енгізуге, маршруттық желіні кеңейтуге және көлік құралдарын жаңартуға мүмкіндік береді. Бүгінде ауданішілік маршруттардағы көлік 50 процентке тозған. Субсидиялаудың арқасында Павлодар-Аққулы, Ақсу-Екібастұз, Павлодар-Қаратай және Жаңабет-Тереңкөл-Павлодар бағытындағы автобустарды жаңартуға жол ашты.
Одан бөлек, кадрлар жетіспеушілігі мәселесі де бірте-бірте шешілуде. Басқарма мәліметтеріне сүйенсек, еңбек жағдайын жақсартып, жалақы деңгейінің 300 мың теңгеден астам көтерілуінің нәтижесінде жүргізушілердің көптен келе бастағаны артқаны байқалады.