Павлодарда кавказ биі жаңа деңгейге көтерілді
11 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Эхо Гор» кавказ би студиясы жеке ғимаратын ашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Студияның жетекшісі Иман Салихановтың айтуынша, жаңа ғимаратты салу идеясы балалардың кәсіби әрі жайлы жағдайда жаттығуына мүмкіндік беретін жеке кеңістік құру мақсатынан туындаған.

– Біз кавказ билерімен 11 жылдан бері, яғни 2015 жылдан бастап айналысып келеміз. Студиямызда үш жастан бастап балалар және жасына шектеу қойылмаған ересектер жаттығады. Ең басынан бастап балаларымыз жайлы әрі кәсіби жағдайда дайындала алатын өз кеңістігімізді құруды мақсат еттік. Осылайша жеке студия ашу идеясы пайда болды, – деді Иман Салиханов.

2025 жылы студия ұжымы жер телімін сатып алып, толыққанды ғимараттың құрылысын бастаған. Алайда құрылыс барысында жоспарланбаған шығындар туындаған.
– Біз «Даму» қорына жүгініп, «Өрлеу» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген шарттармен несие алдық. Бұл қолдау құрылыс жұмыстарын жалғастырып, студиямызды аяқтауға үлкен мүмкіндік берді, – дейді студия жетекшісі. – Жаңа ғимаратта төрт би залы бар. Оның үшеуі топтық сабақтарға арналған болса, төртінші залда жеке жаттығулар өткізіледі. Екінші қабаттағы залдардың бірінің аумағы шамамен 160 шаршы метр. Мұнда бір уақытта 50 адамға дейін жаттыға алады. Ғимараттың жалпы пайдалы алаңы 496 шаршы метрді құрайды.

Студияда кәсіби би жабыны мен заманауи желдету жүйесі орнатылған. Мамандардың айтуынша, арнайы амортизациялық төсемі бар жабын бишілердің арқа, омыртқа және буындарына түсетін салмақты азайтып, жарақат алу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Ал желдету жүйесі залда ауа алмасуды қамтамасыз етеді.

Бүгінде студияның филиалдары Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында және Астанада жұмыс істейді. Елордада екі филиал бар. Барлығы 11 филиалда ай сайын шамамен 900 адам жаттығады.
Студияда тоғыз оқытушы еңбек етеді. Олардың арасында осы студияда өздері тәрбиеленіп, кейін кәсіби маман ретінде жұмысқа келген педагогтер де бар.

– Көптеген педагогтерді өзіміз тәрбиелеп, дайындадық. Олар кезінде студияға ешқандай тәжірибесіз келіп, өздері білім алып, қажетті біліктілікті меңгерді. Қазір балалармен кәсіби түрде жұмыс істеп жүр, – деді Иман Салиханов.
Студияда балалармен қатар ересектер де кавказ биін үйренеді. Қатысушылардың ең үлкені – 64 жаста. Әр жас ерекшелігіне қарай сабақ өткізу әдістемесі де өзгеше.
Студия жетекшісінің айтуынша, ата-аналар көбіне баласының дене қалпын, қимыл үйлесімділігін жақсартып, физикалық тұрғыдан дамуын және тәртіпке үйренуін қалайды.

– Кавказ билері темпераменті мен ерекше мінезімен ерекшеленеді. Сондықтан сабақтар баланың физикалық тұрғыдан ғана дамуына емес, тәртіптілігі мен өзіне деген сенімділігін қалыптастыруға да ықпал етеді. Егер баладан қабілет пен сахнаға деген қызығушылықты байқасақ, оған ансамбль құрамында өзін сынап көруді ұсынамыз, – дейді ол.
Студияда бір негізгі ансамбль бар. Оның мүшелері республикалық және халықаралық деңгейдегі сахналарда өнер көрсетеді. Өткен жылы ұжым Кабардино-Балкар республикасының астанасы Нальчик қаласында өткен байқауға қатысып, Гран-при жүлдесін жеңіп алған.
Жаңа ғимараттың ашылуы студия ұжымына оқу-жаттығу жұмыстарын жаңа деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отыр.