Павлодардың экс-әкімі тұрғындардан кешірім сұрады
Сондай-ақ Ержан Иманзайыпов қызмет барысында қолдау көрсеткен әріптестеріне алғыс білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Мен Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың шешімін қабылдадым, өйткені соңғы оқиғаларға байланысты өз жұмысымды одан әрі жалғастыруға моральдік құқығым жоқ деп есептеймін. Аймақ басшысына сенім білдіргені үшін алғыс айтқым келеді, сонымен бірге барлық тұрғындардан әріптестерім үшін кешірім сұраймын, – деп жазды Ержан Иманзайыпов Іnstagram парақшасында.
Ол өзінің өмірлік ұстанымдарымның бірі – жұмыста әділ болу және еңбекқорлық екенін айтып, қысқа мерзімде жоспарлаған жобаларды соңына дейін жеткізе алмағанына өкініш білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ескерту бойынша жұмыстардың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауына, қала тұрғындары үшін облыс орталығын дамыту және абаттандыру жөніндегі маңызды жобалардың іске асырылуына қажетті бақылаудың болмауына, қала әкімдігінің Павлодар қаласының тұрғындарымен коммуникациясының әлсіреуіне байланысты Ержан Иманзайыповты лауазымынан босату туралы қабылданған шешімді жариялады.