Павлодарлық балалар мамандықты ойын арқылы меңгерді
50-ге жуық оқушы қатысқан чемпионатта балалар теміржол мен IT салаларын квест форматында меңгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста бастауыш сынып оқушыларына арналған ауқымды кәсіби бағдар беру шарасы өтті. «BabySkills-2026» чемпионаты аясында қатысушылар түрлі мамандықтармен танысып, тәжірибелік тапсырмалар орындады. Байқау квест форматында ұйымдастырылып, балалар әр модуль бойынша тапсырмаларды орындап, ұпай жинады.
Шара жоғары электроника және коммуникациялар колледжі базасында өтті. Чемпионат колледждің 45 жылдығына және WorldSkills қозғалысы аясындағы өңірлік жарыстарға орай ұйымдастырылған. Биыл байқауға 16 командадан 48 оқушы қатысты.

Қатысушылар 12 түрлі модуль бойынша сынға түсті. Олардың қатарында теміржол ісі, байланыс, IT технологиялар, тасымалды ұйымдастыру және электроника бағыттары бар. Әр бағыт балаларға жеңіл әрі түсінікті форматта ұсынылды.
- Бұл чемпионаттың басты мақсаты - балаларды ерте жастан мамандықтармен таныстыру. Биыл біз оны квест форматында өткізіп, барлық бағытты қамтуға тырыстық. Қатысушылар әр кабинетке кіріп, түрлі салалар бойынша тапсырмалар орындап, тәжірибе жинақтайды, - деді колледж директорының кәсіби оқыту жөніндегі орынбасары Бағдәулет Қабасов.
Мысалы, теміржол бағыты бойынша оқушылар қозғалысты реттеу, сигнал беру жүйелерімен танысты. Ал IT модулінде қарапайым бағдарламалау тапсырмаларын орындап, байланыс бөлімінде интернет қауіпсіздігі туралы білім алды.
- Балаларға тек көрсету емес, өздеріне орындату маңызды. Сондықтан әр модульде шағын тапсырмалар берілді. Бұл олардың қызығушылығын арттырып, нақты дағды қалыптастыруға көмектеседі, - деді IT және байланыс бөлімінің меңгерушісі Эллина Мельник.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық қатысушылар марапатсыз қалмайды. Жинаған ұпай санына қарай командаларға жүлделі орындар беріліп, сыйлықтар табысталды.
Еске сала кетсек, «Baby skills» байқауында бүлдіршіндер аспаздық және шеберлік бағыттарында бақ сынап, пицца мен сүтті сусын дайындап, дастарханды сәндеуден жарысты.