Павлодардың орман шаруашылықтарына жаңа арнайы техника берілді
Орманшыларға жаңа жол талғамайтын көліктер мен тракторлар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Техниканы сатып алу облыстық бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ жасалған меморандумдар аясында демеушілердің қолдауымен қаржыландырылды.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жаңа техниканың кілттерін тапсыра отырып, бұл оқиғаның көктемнің басты мерекесі – Наурыз қарсаңындағы маңыздылығын атап өтті және саланы дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
– Биыл шамамен 120 бірлік техниканы жаңарту жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде 50 бірлік техника жеткізілді. Бұл орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілу деңгейін 75 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті өңір басшысы.

Ол бұл қадам табиғи ресурстарды тиімді қорғау мен сақтауда маңызды екенін де қосты.
Орман шаруашылығы өкілдерінің айтуынша, заманауи техниканың болуы орманшыларға қосымша міндеттерді атқаруға және оны өңір игілігі үшін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ерекше назар бірегей табиғатты, атап айтқанда Ертіс өзенінің жайылмасын сақтауға аударылмақ.

Еске салайық, арнайы техниканың соңғы ауқымды жаңартылуы 2010 жылы өтті. Содан кейін автопарк жыл сайын бір-екі техникамен ғана толықтырылып отырды. 2024 жылы облыс әкімінің тапсырмасымен алты трактор сатып алынған болатын.