Павлодарлық құтқарушы әйел Халықаралық әйелдер күні қарсаңында марапатталды
Қазақстан ТЖМ тарихында алғаш рет жеті әйел құтқарушы мемлекеттік наградалар алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР ТЖМ баспасөз орталығының мәліметінше, бұл ерекше оқиға министрлік тарихында алғаш рет тіркеліп отыр. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бірден жеті әйел құтқарушыға жоғары мемлекеттік наградалар табысталды.
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденін Кадр және тәрбие жұмысы департаментінің бастығы Анаргүл Аманжолқызы Әбуеваға табыстап, оның азаматтық қорғау жүйесіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар министрлігінде өткен салтанатты шарада ведомство басшысы генерал-майор Шыңғыс Әрінов Президент атынан қызметінде жоғары кәсібилік пен жанқиярлық танытқан қызметкерлерге марапаттар тапсырды.
«Құрмет» орденімен азаматтық қорғау органдарының ардагері Сәуле Бопиқызы Қалғанбаева, ТЖМ Медициналық-психологиялық қызмет басқармасының бастығы Светлана Байтасқызы Мұратбекова, Павлодар облысы ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығының бас маманы Гүлжахан Қабдуаисқызы Окатаева марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен ТЖМ Имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Динара Киекбайқызы Нұрғалиева, ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығының жедел кезекшісі Алмагүл Шұбартайқызы Ілиясова, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы филиалының дәрігері Назира Ермекқызы Сисибаева марапатталды.
Бұл марапаттар құтқарушы әйелдердің азаматтық қорғау жүйесін дамытуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін мойындаудың айқын көрінісі болды. Қазақстан ТЖМ тарихында алғаш рет Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бірден жеті қызметкер мемлекеттік наградалармен марапатталып, төтенше жағдайлар саласындағы әйелдердің рөлі ерекше аталып өтті.