Павлодарлық құтқарушы джиу-джитсудан әлем чемпионатында жүлдегер атанды
Өңірлік ТЖД қызметкері Әбу-Дабиде өткен халықаралық жарыста үздік үштікке енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының бас маманы Ербол Қадырбек Abu Dhabi World Professional Jiu-Jitsu Championship 2026 әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды.
Біріккен Араб Әмірліктерінде 9–19 қараша аралығында өтіп жатқан додаға әлемнің 130 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысуда. Олардың бес мыңнан астамы – шетелден келген атлеттер.

Павлодарлық спортшы 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде көк белбеу иегерлері арасындағы Master 4 санатында бақ сынады. Тартысты белдесулердің қорытындысы бойынша Ербол Қадырбек үшінші орынға ие болып, қола жүлдегер атанды.
Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерінің бұл жетістігі оның тұрақты жаттығуы мен спортқа деген ынтасының нәтижесі екенін атап өтті.