Павлодарлық әншінің жаңа бейнебаяны жарыққа шықты

Павлодарлық әншінің жаңа бейнебаяны жарыққа шықты
Фото: Данияр Жұмаділ

Ол көпшілік назарына Жаяу Мұсаның «Баянауыл» әнін ұсынып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Елімізге белгілі айтыскер, облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі, әнші Асығат Тұрғанбектің жаңа бейнебаяны жарыққа шықты. 

 – Осыдан тура жиырма жыл бұрын Жаяу Мұса бабамыздың 170 жылдық мерейтойына орай Баянауылда дүбірі алыстан естілген үлкен айтыс өтті. Жыр додасында бағым жанып, Бас жүлдеге ие болып, темір тұлпар тізгіндеген едім. Сол кезде бабамыздың бір әнін шырқап, жұртшылыққа ұсынсам деген ой туды. Студенттік шағымда ән додаларында да бақ сынап жүретінмін. Кейіннен айтыс өнеріне ден қойып, сол жолға біржола бет бұрған жайым бар, – дейді Асығат Тұрғанбек.

Өнер иесі «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының жанынан «Желдірме» ақындар мектебі ашылып, кейінгі жас буынға айтыс өнерін үйретуге бел шеше кіріскен. 

– Әншілік өнер шетте қалып қойғандай еді. Дегенмен, дәстүрлі ән айту да үлкен дайындықты талап ететіні сөзсіз. Биыл Жаяу Мұса бабамыздың 190 жылдығына орай көкейде бұрыннан жүрген бір ой қайта жаңғырып, әнді қайта қолға алып, орындауға бел будым, – дейді ол. 

Әншінің айтуынша, өзі де қасиетті Баянауыл топырағының тумасы болғандықтан, осы әнді шырқау – ол үшін үлкен жауапкершілік әрі жүрек қалауы. 

– Тау мен көлдің баурайында, Баянның тұмса табиғаты аясында ән шырқау да талайдан ойда жүрген мақсат еді. Соның сәті дәл бүгін туғандай. Бұл – менің Жаяу Мұсадай даңқты жерлесімізге деген құрметім, оның мерейтойына орай жүрек төрінен шыққан тартуым деп қабылдаңыздар, – дейді бейнебаян авторы Асығат Тұрғанбек.

Бейнебаянның түсірілім жұмыстары және жарыққа шығуына облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы қолдау көрсеткен.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Shanyraq Ortalygy (@shanyraq.ortalygy)