Павлодарлық әскери кафедраның түлектері міндетті түрде әскерге барады
Болашақ Отан қорғаушылар әдеттегіден ұзақ мерзімге жіберіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Алишер Құлжабаев мәлім етті.
– Еліміздің заңына сәйкес әскери кафедраны оқып, бітірген түлектер міндетті түрде екі жылға офицер лауазымымен әскерге аттандырылады. Дегенмен денсаулығында ақау бар азаматтар әске қатарына қабылданбайды. Сонымен қатар шақырылғандар түрлі себептерге байланысты әскери қызметті келесі маусымға шегере алады, – дейді Алишер Құлжабаев.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы мерзімді әскери қызметке арналған Жарлығына сәйкес наряд 766 адамды құрады. ҚР Қарулы Күштері – 292 адам, шақырылғаны – 305 адам (+13). ҚР Ұлттық ұланы – 290 адам, шақырылғаны – 297 адам (+7). Мемлекеттік күзет қызметі – 3 адам, шақырылғаны – 4 адам (+1). Төтенше жағдайлар министрлігінің әскерлері – 30 адам, шақырылғаны – 30 адам. ҚР ҰҚК Шекара қызметі – 151 адам, шақырылғаны – 58 адам (-93).
Сондай-ақ, спикер қысқартылған әскери қызметіне тоқталып өтті.
– Қысқартылған әскери қызмет біздің өңірде және Қарағанды облысында өткізіледі. Бүгінгі таңда бағасы 305 мың теңгені құрайды. Өткен жылға қарағанда бағасы 8 мың теңгеге ұлғайды. Бұл әскери топтардың құрамы 40 күн сайын ауысып отырады, – дейді Алишер Құлжабаев.
Еске сала кетейік, Баянауыл ауданында әскерге барудан жалтарған жігіт 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылып, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.