Павлодарлық әскери жетекші: Отанды қорғау отбасынан басталады

Павлодарлық әскери жетекші: Отанды қорғау отбасынан басталады
Фото: Дәулет Балгиннің жеке мұрағатынан

Мектепте 15 жылдан бері оқушыларға әскери дайындық пен патриоттық тәрбие беріп жүрген ұстаз пәнді 8-сыныптан бастап оқытуды ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебі алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Дәулет Балгин бұл салада 15 жылдан астам еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, пәннің басты мақсаты – жас ұрпаққа әскери дайындық негіздерін үйретіп, отансүйгіштік тәрбие қалыптастыру.

– Бұл мамандықты таңдаудағы басты себеп – келешек ұрпақты Отанды қорғауға, патриоттық рухта тәрбиелеуге үлес қосу. Қазіргі таңда алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің маңызы артып келеді. Павлодар қаласы мектептерінің шамамен 50 пайызында «Жас сарбаз» кабинеттері ашылған. Сонымен қатар әскери-патриоттық бағыттағы секциялар мен үйірмелер жұмыс істейді. – дейді әскери жетекші.

Сабақ барысында оқушылар әскери атыс дайындығы, тактикалық дайындық, әскери топография, әскери жарғылар және робототехника бағыттары бойынша білім алады. Әсіресе заманауи әскери робототехникаға қызығушылық жоғары.

– Оқушылар саптық дайындықты, қарумен жұмыс істеу тәртібін, әскери топографияны меңгереді. Тәжірибелік сабақтарда қауіпсіздік ережелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Қару қолдану кезіндегі тәртіп пен қауіпсіздік – ең басты талаптардың бірі, – дейді Дәулет Балгин.

Оның айтуынша, мектептердегі материалдық база біртіндеп жаңарып жатқанымен, әлі де дамыту қажет тұстар бар. Әсіресе әскери робототехника мен заманауи құрал-жабдықтарға көбірек көңіл бөлу маңызды.

Әскери жетекші пәнді тек 10-11-сыныптарда ғана емес, 8-9-сыныптардан бастап оқытуды ұсынады.

– Патриоттық тәрбие әр азаматтың Отан алдындағы борышын сезінуінен басталады. Отанды сүю мен қорғау алдымен отбасында қалыптасады. Бұл бағытта ата-аналар мен мұғалімдердің бірлескен жұмысы маңызды, – дейді ол.

Сондай-ақ мұғалім қыз балалардың да бұл пәнге ерекше қызығушылықпен қатысатынын атап өтті. Оның сөзінше, олар саптық дайындық, әскери жарғы, атыс дайындығы, топография және робототехника бойынша ер балалармен бірдей білім алып, белсенділік танытады.