Павлодар мұнай-химия зауытының қуаты 50 пайызға артады

Павлодар мұнай-химия зауытының қуаты 50 пайызға артады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кәсіпорын 2031 жылға қарай жылына тоғыз миллион тонна мұнай өңдеуге қауқарлы болмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай өңдеу саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онда қолданыстағы зауыттарды жаңғырту және төртінші мұнай өңдеу зауытын салу бойынша Мемлекет басшысының тапсырмалары қаралды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің мәліметінше, Павлодар мұнай-химия зауытының өндірістік қуатын 2031 жылға қарай жылына алты миллион тоннадан тоғыз миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 2030 жылға қарай алты миллионнан 12 миллион тоннаға дейін ұлғайтылмақ. Атырау мұнай өңдеу зауытында жүзеге асырылып жатқан жоба өндірістік қуатты 5,5 миллионнан 6,1 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Оны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Нәтижесінде еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының жиынтық қуаты жылына 17,5 миллион тоннадан 28,8 миллион тоннаға дейін өсуі тиіс.

– Мұнай өңдеу қуатының артуы ішкі нарықтағы ЖЖМ бағасының тартымдылығымен тікелей байланысты. Қазіргі жағдайда Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы көршілес елдермен салыстырғанда екі есе төмен болғандықтан, мұнай өңдеу саласына инвестиция салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан нарықты ырықтандыруды белсенді түрде жалғастыру қажет. Бұл – экономикалық қауіпсіздік мәселесі, – деді Олжас Бектенов.

Кеңесте Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі де қаралды. Энергетика министрлігінің болжамынша, ұзақ мерзімді перспективада елге жылына 40 миллион тоннаға дейін мұнай өңдеу қуаты қажет болуы мүмкін.

Премьер-министр жыл соңына дейін төртінші зауыт бойынша кешенді бағалауды аяқтауды тапсырды. Оның қуаты, конфигурациясы, шикізат базасы, орналасатын жері және экономикалық моделі айқындалуы тиіс.

Сондай-ақ жауапты органдарға қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту жобаларының мерзімін кешіктірмей, нысандарды уақтылы іске қосуды қамтамасыз ету тапсырылды.

Еске сала кетейік, биыл Павлодар мұнай-химия зауыты мұнай өңдеу көлемін 5,7 миллионнан 5,8 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлаған. Кәсіпорын автомобиль бензинін өндіруді 1,7 миллион тоннаға, дизель отынын 2,1 миллион тоннаға, ал авиациялық отынды 240 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеген.