Павлодар ауданында жаңа көшеттер отырғызылып, ауыл аумағы абаттандырылды

Павлодар ауданында жаңа көшеттер отырғызылып, ауыл аумағы абаттандырылды
ЖИ иллюстрациясы

Сенбілікке  мемлекеттік қызметшілер мен тұрғындар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар ауданындағы Ольгинка ауылында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыстық сенбілік өтті. Ауыл аумағын абаттандыру жұмыстарына мемлекеттік қызметшілер, әлеуметтік нысандардың мамандары мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Сенбілікке Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев пен аудандық мәслихат төрағасы Жанат Шұғаев жетекшілік етті.

Қатысушылар ауылдағы саябақ, әкімдік, мәдениет үйі мен медициналық пункт маңын қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Тазалық жұмыстарына балалар да қосылып, туған ауылын көркейтуге үлес қосты.

Сенбілік барысында ауылды көгалдандыруға да көңіл бөлінді. Ауылдағы аллеялардың біріне 40 қарағай көшеті отырғызылды.

Бұл жұмыстың Ольгинка үшін өзіндік мәні бар. Аудандық мәслихат төрағасы Жанат Шұғаев еңбек жолын осы ауылда агроном болып бастаған. Осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын ол еңбек еткен кезеңде ауылға қарағай көшеттері отырғызылған. Бүгінде сол ағаштар бой көтеріп, мәдениет үйінің айналасын жасыл желекке бөлеп тұр.

Енді жаңа отырғызылған көшеттер де ауылдың ажарын арттырып, аллеяны толықтырады деп жоспарлануда. Қатысушылар қарағайларды отырғызу кезінде олардың өсуіне қолайлы орындарды таңдап, көшеттердің дұрыс жерсінуіне қажетті жағдайларды ескерді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар қоршаған ортаны таза ұстаумен қатар, елді мекендерді көгалдандыруға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.