Баянауыл ұлттық паркіндегі өртке дайындық бақылауға алынды
Прокурорлар табиғи аумақты әуеден шолып, орманды қорғау мен өрттің алдын алу шараларын күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, Баянауыл ауданының прокуроры мен мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне» жұмыс сапарымен барды.
Сапар кезінде ұлттық парктің материалдық-техникалық базасы зерделенді. Прокурорлар өрт қауіпті кезеңде мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмін қарап, өртті ерте анықтау жүйесінің техникалық мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде тексерді.
– Парк басшылығының назары материалдық-техникалық қамтамасыз етуге және орман қорын сақтауға қатысты өзекті мәселелерді жедел шешу қажеттігіне аударылды, – деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Бұдан бөлек, ұлттық парк аумағына әуеден шолу жүргізілді. Мамандар рұқсатсыз қоқыс үйінділерін, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру және экологиялық әрі су заңнамасын бұзудың басқа да фактілерін анықтауға назар аударды.
Сапар қорытындысында ұлттық парк пен уәкілетті мемлекеттік органдарға өрттің алдын алу шараларын күшейту ұсынылды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» аясында аумақтағы тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесі көтерілді.
Прокуратура орман қорын қорғау, табиғи байлықтарды сақтау және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.