Павлодарда ауыл балалары спорттың сегіз түрінен жарысады

Павлодарда ауыл балалары спорттың сегіз түрінен жарысады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Ауыл спорты-2026» жобасы аясында облыстағы ауыл балаларына арналған өңірлік турнир салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәлімдеуінше, бұл жоба «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты - ауылдық жерлерде балалар бұқаралық спортын дамыту, жас спортшылар арасында таланттарды анықтау және олардың бұдан әрі өсуіне жағдай жасау.

- Жоба 2024 жылы басталды, бірінші маусымда 200-ден астам ауылдық елді мекендер қамтылса, 2025 жылы география елдің барлық 17 облысына дейін кеңейіп, 300 елді мекенді қамтыды. 2026 жылы іс-шара сегіз спорт түрінен үшінші рет өткізіліп отыр. Мұнда бокс, еркін күрес, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі және футбол бар, - делінген хабарламада. 

Осы маусымда өңірлік турнирлер Қазақстанның барлық 17 облысында өтіп, «Ауыл спортын» ауылдық балалар спортын қолдаудың ауқымды жүйесіне айналдырмақ. 

Жарыс бес күнге жалғасады. Мәселен, 21-23 қыркүйек аралығында бокс пен жастар арасындағы волейбол «Баянтау» спорт сарайында өтеді. Ал қыздар арасындағы волейбол 21-22 қыркүйек күндері №36 мектептің базасында ұйымдастырылса, шахматтан спортшылар 22 қыркүйекте «Шахмат үйінде» бақ сынасады. Сонымен қатар, баскетболшылардың текетіресі 22-23 қыркүйек аралығында «Автомобилист» спорт кешенінде өтсе, еркін күрестің палуандары 23 қыркүйек «Бірлік» жекпе-жек сарайында мықтыны анықтайды. Аяқ допшылар 23 қыркүйекте орталық стадионда кездесетін болса, үстел теннисінің қатысушылары 25 қыркүйек күні «Jenimpaz» үстел теннисі орталығында өзара мықтыны анықтайды.

Жарысқа Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Ертіс, Май, Павлодар, Тереңкөл, Успен және Шарбақты аудандарынан, сондай-ақ Павлодар қаласының ауылдық аумақтарынан жас спортшылар қатысып жатыр.

Жоба сонымен қатар, ауылдық жерлерден келген жаттықтырушылар мен спорт төрешілерінің біліктілігін арттыруға баса назар аударады. Бұл жергілікті жерлерде спортты жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді. Үздік спортшылар мен командалар Павлодар облысының атынан республикалық деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік алады.