Павлодар облысында мобильді бригадалар жедел жәрдем жүктемесін қаншаға азайтты?

Павлодар облысында мобильді бригадалар жедел жәрдем жүктемесін қаншаға азайтты?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жедел медициналық көмек көрсету жүйесіне енгізілген өзгерістің алғашқы нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының 103 қызметі медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жұмыс істейді. Яғни жедел медициналық көмек халыққа тегін көрсетіледі. Бұл қызметке медициналық авиация да кіреді. Ол аудан-қалалардағы стационарлардың өтінімі бойынша науқастарды облыс орталығына тасымалдайды.

Өңірдегі барлық шақырту бірыңғай call-орталықта қабылданады. Мұнда фельдшерлік білімі бар білікті диспетчерлер жұмыс істейді. Олар шақыртудың жеделдік санатын анықтап, қажет болған жағдайда жедел жәрдем келгенге дейін алғашқы көмек көрсету бойынша кеңес береді.

Шақыртулар төрт санатқа бөлінеді. Бірінші, екінші және үшінші санаттағы шақыртуларды жедел медициналық көмек бригадалары орындайды. Ал төртінші санаттағы шақыртулардың бір бөлігі 2025 жылғы 1 мамырдан бастап емханалар жанындағы мобильді бригадаларға берілді.

Павлодар облыстық жедел-жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, төртінші санатқа науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық көмекті қажет ететін жағдайлар жатады. Мысалы, терең емес жаралар мен күйіктер, созылмалы ауруға байланысты ауырсыну, асқынбаған артериялық гипертензия және өздігінен басылмайтын жоғары дене қызуы.

– Мобильді бригаданың құрамында медициналық көмек көрсетуге арнайы дайындалған фельдшер бар. Бригада қажетті дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен жабдықталған. Төртінші санаттағы шақыртулар бойынша мобильді бригаданың келу уақыты 60 минутқа дейін. Олар жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, сенбі күні 08:00-ден 13:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Ал кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ жексенбі және мереке күндері мұндай шақыртуларды жедел жәрдем бригадалары орындайды, – дейді Ирина Мищенко.

Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – жедел жәрдем бригадаларын өмірге қауіп төндіретін жағдайларға жедел бағыттау. Ал жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты пациенттерге мобильді бригадалар көмек көрсетеді.

Биылғы жылдың алғашқы сегіз айында Павлодар облысының 103 қызметіне 184 мың 671 шақырту түскен. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 176 мың 43 болған.

– Төртінші санат бойынша барлығы 31 мың 390 шақырту тіркелді. Оның 15 мың 28-ін мобильді бригадалар орындаған. Қалған 16 мың 362 шақырту жедел медициналық көмек бригадаларына тиесілі, – деді облыстық жедел-жәрдем станциясы басшысының орынбасары.

Яғни төртінші санаттағы әрбір екінші шақыртуға жуық мобильді бригадалар қызмет көрсеткен. Бұл жедел жәрдем бригадаларының уақытын босатып, оларды шұғыл көмек қажет ететін науқастарға бағыттауға мүмкіндік береді.

Мамандар тұрғындарға 103 нөміріне қоңырау шалған кезде диспетчердің сұрақтарына барынша нақты жауап беруге кеңес береді. Себебі пациенттің жағдайы туралы толық ақпарат шақыртудың жеделдік санатын дұрыс анықтап, қажетті медициналық көмекті уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.