«Павлодар» АЭА-ға 15 жыл: инвестжобалар портфелі 713 миллиардқа жетті
Бұл туралы Павлодардағы Достық үйінде өткен арнайы экономикалық аймақтың 15 жылдығына арналған шарада айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар» арнайы экономикалық аймағына 15 жыл толды. Бүгінде оның аумағында 38 қатысушы тіркелген. Оның 24-і жұмыс істеп тұрса, тағы 14 жоба іске асырылу кезеңінде. Бұл туралы Павлодардағы Достық үйінде өткен арнайы экономикалық аймақтың 15 жылдығына арналған шарада айтылды.
«Павлодар» АЭА аумағы 1380 гектарды құрайды. Оның шамамен 360 гектары жаңа өндірістерді орналастыру үшін бос. Арнайы экономикалық аймақ қажетті инженерлік инфрақұрылыммен және мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілген.

Жобалардың жалпы инвестициялық портфелі 713 миллиард теңгеге бағаланады. АЭА жұмыс істей бастағаннан бері 288,5 миллиард теңге инвестиция тартылған, оның ішінде 177,4 миллиард теңгесі — шетелдік инвестициялар. Өндіріс көлемі 455,6 миллиард теңгеге, экспорт көлемі 203,3 миллиард теңгеге жетті. Кәсіпорындарда өнімнің 100-ден астам түрі шығарылады. АЭА аумағында шамамен 1780 адам жұмыспен қамтылған.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаева арнайы экономикалық аймақтың 15 жыл ішінде өңірдің маңызды өнеркәсіптік және инвестициялық орталықтарының біріне айналғанын атап өтті.
- Біздің алдымызда тек инвестиция тарту емес, терең өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім өндіруге және халықаралық нарықтарға шығуға жағдай жасау міндеті тұр. Мұның барлығы — адамдардың еңбегінің нәтижесі, — деді Айгерім Қабылтаева.

«Павлодар» АЭА басқарушы компаниясының менеджері Биеке Болатовтың айтуынша, қазіргі таңда жобалар портфелі 800 миллиард теңгеге жуықтап, жобалардың жалпы саны 40-қа жетті.
- Мен басқарушы компанияда АЭА жұмысының алғашқы күнінен бастап еңбек етіп келемін. Бүгінде елеулі нәтижеге жеттік деп айта аламыз. 288 миллиард теңге инвестиция игерілді, кәсіпорындарда шамамен 1780 адам жұмыс істейді, — деді Биеке Болатов.
АЭА қатысушыларының негізгі бағыттары — химия және мұнай-химия өнеркәсібі, металлургия, дайын металл, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру. Мерейтойлық шара аясында арнайы экономикалық аймақ кәсіпорындарының өнімдері қойылған көрме ұйымдастырылды.
Салтанатты шара барысында арнайы экономикалық аймақтың дамуына үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды. Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен «Global Partner Build» ЖШС директоры Ильяс Базарбаев марапатталды.

Мерейтойлық медальдармен «Павлодар» АЭА басқарушы компаниясының басқарма төрағасы Мәдениет Ахметов, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Людмила Құрманова, облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатов, облыстық құрылыс басқармасының басшысының міндетін атқарушы Азат Сатабаев, сондай-ақ АЭА резидент-кәсіпорындарының басшылары марапатталды.
Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтар қауымдастығының атқарушы директоры Елена Павлихина «Павлодар» АЭА-ның 15 жылдағы жұмыс нәтижесін атап өтті.
- 15 жыл — өте маңызды кезең. Басқарушы компания командасының атқарған жұмысының нәтижесі қазірдің өзінде анық көрініп тұр. «Павлодар» АЭА-ға одан әрі кеңеюді, жаңа инвестициялық жобаларды және жаңа жетістіктер тілейміз, — деді ол.
Фото: Константин Шелков және автор