Павлодар облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 40 пайыздан астам өсті

Павлодар облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 40 пайыздан астам өсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір сегіз айдың қорытындысы бойынша құрылыс қарқыны ең жоғары облыстардың қатарына кірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-тамызда Павлодар облысында 301,3 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары орындалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,4 пайызға көп.

Тамыз айындағы көрсеткіш те жоғары болды. Өңірдегі құрылыс жұмыстарының көлемі шілдемен салыстырғанда 53,9 пайызға, ал 2025 жылғы тамызбен салыстырғанда 87,3 пайызға артқан.

– Аумақтық бөліністе республиканың 18 өңірінде құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы байқалады. Едәуір өсім Ұлытау, Павлодар, Атырау, Қызылорда, Түркістан, Қостанай, Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркелді, – делінген Ұлттық статистика бюросының ақпаратында.

Ел бойынша сегіз айда 6,089 триллион теңгенің құрылыс жұмыстары орындалды. Жалпы өсім 15,6 пайызды құрады. Осы көлемнің 4,9 пайызы Павлодар облысына тиесілі.

Құрылыс жұмыстарының басым бөлігін жеке компаниялар орындаған – 88,6 пайыз. Шетелдік ұйымдардың үлесі 10,6 пайызды, мемлекеттік кәсіпорындардыкі 0,8 пайызды құрады.

Елімізде құрылыс көлемінің өсуіне ғимараттарды салу және жөндеу жұмыстары әсер еткен. Жұмыстардың ең үлкен үлесі автомобиль және темір жолдар мен метро құрылысына тиесілі – 25,5 пайыз. Тұрғын емес ғимараттардың үлесі 21,4 пайызды, тұрғын үй құрылысы 12,8 пайызды құрады.