Павлодарлық аманаттықтар соғыс ардагері мен тыл еңбеккеріне құрмет көрсетті

Павлодарлық аманаттықтар соғыс ардагері мен тыл еңбеккеріне құрмет көрсетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Депутаттар олардың майдандағы, соғыстан кейінгі еңбек жолы мен тың игеру жылдарындағы үлесін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Николай Дычко мен облыстық мәслихат депутаты Света Абдраманова Ұлы Отан соғысының ардагері Мария Матюшинамен кездесті.

– Мария Матюшина соғысты небәрі он жеті жасында қарсы алған. 1942 жылы ата-анасынан жасырын түрде әскери бүркемелеу курстарына ерікті болып жазылып, 1943 жылдың ақпанында 80-ші әскери-дала құрылыс басқармасының құрамында майданға аттанған. Ол қорғаныс бекіністерін салу жұмыстарына қатысқан, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Партиялықтардың мәліметінше, 1945 жылы әскер қатарынан босатылған соң туған жері Калугаға оралып, кейін Сахалин облысы мен Кишиневте еңбек етті. 1955 жылы отбасымен бірге тың игеру науқаны кезінде Павлодар өңіріне қоныс аударған. Әр жылдары қырманда астық суырып, кептірумен айналысып, бұзау бағып, түрлі жұмыстар атқарды. Жолдасымен бірге үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. 1980 жылы қызының қолына, Сычевка ауылына көшіп барған.

– Майдандағы және бейбіт еңбектегі ерлігі үшін Мария Матюшина II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Маршал Жуков медалімен, «70 лет Вооруженных Сил СССР» медалімен, Жеңістің мерейтойлық медальдарымен және өзге де наградалармен марапатталған, – делінген хабарламада.

Жеңіс күні қарсаңында облыстық мәслихат депутаттары тыл еңбеккерлерін де аралап, соғыс жылдарындағы ауыр кезеңде елге қызмет еткен буынға алғыс білдіруде.

Осы орайда Николай Дычко Успен ауданының Ковалевка ауылында тұратын тыл еңбеккері Екатерина Дериглазовамен де кездесті.

– Биыл Екатерина Ивановна 90 жасқа толды. Оның балалық және жастық шағы соғыстың ауыр кезеңімен тұспа-тұс келген. Ұлы Отан соғысы жылдары ол оккупацияда болып, отбасымен бірге барлық қиындықты бастан өткерген, – деді аманаттықтар.

Партияда атап өткендей, тыл еңбеккері соғыстан кейін киномеханик болып еңбек етіп, өмірінің көп бөлігін осы мамандыққа арнады. 1958 жылы Успен ауданына қоныс аударып, жолдасымен бірге үш бала тәрбиелеп өсірді. Қазір қызының қолында тұрып, жақындарының қамқорлығына бөленіп отыр.

Кездесу барысында Николай Дычко тыл еңбеккеріне өмір жолы, төзімділігі мен көпжылдық еңбегі үшін алғыс айтып, зор денсаулық пен амандық тіледі.