Павлодарлық аналар отбасы мен мектеп арасында сенімді байланысты қалай орнатты?
Қатысушылар атқарылған жұмыстарын талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің форумы «Ана тәрбиесі – ұлт болашағы» атауымен өтті. Шараға аудандық және қалалық аналар кеңесінің өкілдері, мектеп директорлары, этномәдени бірлестіктер мен әскери бөлімдердің қызметкерлері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова Аналар кеңесінің жас ұрпақты тәрбиелеу, елге лайықты азамат қалыптастыру, халықтар мәдениеті мен дәстүрін сақтау, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу ісіндегі маңызын атап өтті.
– Бүгінде Аналар кеңесі қоғам өмірінің барлық саласында – білім беру, денсаулық сақтау, құқықтық тәрбие, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарады. Бұл – формалды ұйым емес, қоғамдық процестерге нақты әсер ететін күш. Отбасының міндеті – дені сау, жақындарын жақсы көретін, үлкенге құрметпен қарайтын, Отанын сүйетін, патриот азамат тәрбиелеу. Аналар кеңесінің үлесі отбасылық тәрбиені толықтырып, балаларымызды қоршаған ортада біртұтас тәрбиелік кеңістік қалыптастырады, – деді Айгүл Мәлікова.
Облыс әкімінің орынбасары, сондай-ақ жуырда жұмыс сапарымен барған Аққулы ауданында жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық тіркелмегенін айтып, бұл жергілікті Аналар кеңесінің белсенді жұмысының нәтижесі екенін жеткізді.

Железин ауданының өкілі Шұға Нұрғалиева форумға қатысып қана қоймай, «Бесік жыры» байқауында өнер көрсетті.
– Кеңесіміз жеті бағытта жұмыс істейді: рухани даму, қолөнер, ұлттық тағамдар, вокал, ұлттық музыкалық аспаптар. Біз балалармен де, ересектермен де жұмыс істейміз. Нысаналы аудиториямыз – барлық буын. Әр мектепте аналар, әкелер, әжелер мен келіндер кеңесі бар, – дейді Шұға Нұрғалиева.

Бүгінде өңірде 215 Аналар кеңесі жұмыс істейді, олар 2,5 мыңнан астам ананы біріктіреді. Биыл олардың белсенділігінің арқасында 400-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.
Форум модераторы, Аналар кеңесі мен "Нұр-Ана" әлемі қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова қазіргі таңда облыстағы 44 мектеппен және бір колледжбен меморандум жасалғанын айтты.
– Белсенді қатысушылар саны артып, ата-аналардың тәрбиелік үдерістерге қатысуы күшейеді деп үміттенеміз, – дейді ол.
Форумда Павлодар қаласындағы №36 экологиялық бағыттағы мектептің тәжірибесі үлгі ретінде ұсынылды. Мұнда отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған «Адал азамат» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда.
– Бала отбасында адалдықты, тәртіпті, құрмет пен жауапкершілікті, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды үйренеді. Біз Аналар кеңесімен өткен жылдың қаңтарында меморандумға қол қойдық. Кеңес – тәрбиелік, әлеуметтік және мәдени іс-шараларға белсенді қатысатын серіктес. Осы ынтымақтастықтың нәтижесінде ата-аналардың мектеп өміріне араласуы артты, буллинг пен құқықбұзушылықтың алдын алу күшейді, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға қолдау көрсетілуде. Мектепте «Даналық мектебі» клубы, «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Жеңге кеңесі» секциялары жұмыс істейді, – дейді мектеп директоры Рифхат Мұратов.

Форум қатысушылары аналар кеңесінің арқасында оқу орындарындағы тәрбиелік жұмыс жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Ата-аналар комитеттері жаңаша жұмыс істей бастады, жаңа бастамалар мен жобаларға қатысуы артты. Ересектер тек тәрбиеші емес, білім беру үдерісінің толыққанды қатысушысына айналды. Олар балаларда экологиялық мәдениетті, жауапты мінез-құлықты және салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған нақты құралдар алды.
Еске сала кетсек, аналар кеңесі форумы аясында «Бесік жыры» байқауы мен ұлттық тағамдар көрмесі өтті. Белсенді қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.