Павлодарлық ата-аналар балалары жол ережесін бұзса қанша айыппұл төлейді?
Көбінесе жол апаттарына балалардың жолды белгіленбеген жерден өтуі себеп болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024 жылы балалардың қатысуымен 160 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан кәмелетке толмаған үш бала қаза тапты, 180 бала жарақат алған. Кәмелетке толмағандардың жолды белгіленбеген жерден өту салдарынан 11 жол-көлік оқиғасы орын алған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов мәлім етті.
– Балалар жол ережесін бұзса, олардың ата-аналарын жазалаймыз. Яғни, бес АЕК немесе 18 480 теңге айыппұл саламыз, – деп атап өтті Қуаныш Мұстафинов.
Қазіргі таңда жастар арасында кең тараған электр самокат, скутер, мопедтер қауіп төндіріп тұр. Осыған байланысты «Жол жүрісі туралы» Заң қабылданып, жаңа көлік түрлерін жүргізушілерге жолдардағы жаңа ережелер енгізілген. Оған сәйкес жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады, жаяу өтпе жолында самокаттан түсіп, жаяу жүру керек, 18 жасқа толмаған адамдарға жол бөлігіне шығуға рұқсат етілмейді.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 13-14 қыркүйекте акция өткізу жоспарлануда.