Павлодарлық баскетболшы қыздар еліміздің үздік төрттігіне енді

Павлодарлық баскетболшы қыздар еліміздің үздік төрттігіне енді
Фото: «Ertis» БК

Павлодарлық «Ertis» әйелдер арасындағы Ұлттық баскетбол лигасының жартылай финалына жолдама алды. Команда ширек финалда «Каспийді» жеңіп шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ойындар өте тартысты өтті. Павлодарда өткен алғашқы екі ойында алаң иелері басым түсіп, серияда алға шықты. Алайда үшінші матчта Ақтауда «Каспий» қайсарлық танытып, 86:81 есебімен жеңіске жетіп, сериядағы интриганы қайта жандандырды.

Соған қарамастан, шешуші төртінші ойында павлодарлықтар қарсыластарына мүмкіндік берген жоқ. «Ertis» ойын тізгінін толық өз бақылауына алып, 70:54 есебімен сенімді жеңіске жетіп, жартылай финалға өтті.

Кездесудің үздік ойыншысы Ділназ Еркебай болды — ол 23 ұпай жинады.

Енді «Ertis» жартылай финалда Көкшетаудың «Окжетпес» командасымен кездеседі.