Павлодардың «Ертіс» футбол клубы қайта бой көтерді

Павлодардың «Ертіс» футбол клубы қайта бой көтерді
Фото: Валерий Бугаев

Клуб лигаға дайындықты бастап кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Спорт сити» спорт кешенінде «Ертіс» футбол клубының алғашқы жаттығуы өтті. Осыдан үш жылдан астам уақыт бұрын қаржылық мәселелерге байланысты тарап, бұзылған болатын. Бүгінгі таңда «Ертістің» бой көтеріп, қайта ел қатарына енуі үшін облыс әкімі Асайын Байхановтың өзі үлесін қосып жүр. Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда клуб қарыздарының 70 пайыздан астамы жабылды.

– «Ертіс» футбол клубының 2,5 миллиард теңгеден астам қарызы болған еді. Біз клуб қарызданған бапкерлер мен ойыншылармен келісім шарт жүргізіп, қарыздың көлемін 687 миллионға дейін түсірдік, – дейді облыс әкімі Асайын Байханов. 

Аймақ басшысы мәлімдегендей, спортшылар мен бапкерлермен келісім барысында берешек көлемін төмендетуді сұраған. Спортшылардың ішінде қарызды толық кешіргендерде бар екен. Олар әкімге «Ертістің» көркеюін қалайтынын жеткізген. 

Клуб футболшыларының бірі артылған үміттерді ақтап, клубтың көтерілуі үшін бар күшін салатынын жеткізді. 

– Менің позициям жартылай қорғаушы. Бұған дейін «Ертіс» клубының тәрбиеленушісі болдым, кейін «Ақсу» футбол клубының екінші командасында ойнадым, одан соң «Екібастұз» клубымен екінші лигада өнер көрсеттім. Бүгінде клубқа алынған ойыншылардың барлығы – Павлодар облысының спортшылары. Былайша айтқанда – өзіміздің жігіттер. Бізге артылған үміт үлкен екенін білеміз. Сол үміттерді ақтауға бар күшімізді саламыз,– дейді Мейрамбек Еренғайып. 

Жаттығу барысында әкім футболшылармен сөйлесіп, алдағы уақыттағы ойындарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, әкім футболға шетелдік легионерлер қабылданбауы жайлы шарт қойды.