Павлодарлық дәрігерлер оқу жылы алдында балалардың ұйқысын реттеуге кеңес береді

Павлодарлық дәрігерлер оқу жылы алдында балалардың ұйқысын реттеуге кеңес береді
ЖИ иллюстрациясы

Себебі, мектепке дайындық – тек мектеп формасын, сөмке мен оқу құралдарын сатып алумен шектелмейді,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Дәрігерлердің айтуынша, 6-12 жастағы мектеп оқушылары тәулігіне 9-12 сағат, ал 13-18 жастағы жасөспірімдер 8-10 сағат ұйықтауы қажет. Толыққанды демалыс баланың зейінін шоғырландыруға, жаңа ақпаратты жақсы меңгеруіне және оқу күні бойы жұмыс қабілетін сақтауға көмектеседі.

– Мектепке дайындық – тек материалдық базадан ғана тұрмайды. Баланың күн тәртібін алдын ала реттеу де маңызды. Әсіресе жазғы демалыс кезінде кеш жатып, кеш тұруға үйреніп қалған балалар үшін бұл өте қажет, – дейді денсаулық сақтау министрлігінің мамандары. – Мектеп оқушылары үшін ұйқының ұзақтығы ғана емес, оның тұрақтылығы да маңызды. Баланың күн сайын шамамен бір уақытта жатып, бір уақытта тұрғаны дұрыс. Толыққанды ұйқы ағзаның қалпына келуіне ықпал етеді және зейінге, есте сақтау қабілетіне, эмоционалдық жағдайға және жаңа ақпаратты қабылдау мүмкіндігіне тікелей әсер етеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес, балалардың ұйқы ұзақтығы мынадай болуы керек:

– 1 жасқа дейін – тәулігіне 12-16 сағат;

– 1 жастан 2 жасқа дейін – 11-14 сағат;

– 3 жастан 5 жасқа дейін – 10-13 сағат;

– 6 жастан 12 жасқа дейін – 9-12 сағат;

– 13 жастан 18 жасқа дейін – 8-10 сағат.

Ұйқы режимін алдын ала және күрт өзгертпей бастаған дұрыс. Егер бала жаз мезгілінде кеш жатуға үйреніп қалса, ұйықтайтын уақытты біртіндеп ертерек уақытқа ауыстыруға болады.

Кешкі уақытта смартфон, планшет және компьютер қолдануды шектеп, сондай-ақ тым белсенді ойындар мен эмоционалды мазмұндағы контенттен бас тартқан жөн. Оның орнына баланың тынығуына мүмкіндік беретін жайлы кешкі әдет қалыптастырған дұрыс. Серуендеу, жылы душ қабылдау, кітап оқу немесе сабырлы әңгімелесу баланың күндізгі белсенділіктен тынығуға ауысуына көмектеседі.

Жатын бөлмені үнемі желдетіп, қолайлы температураны сақтап, ұйықтауға ыңғайлы жағдай жасаған жөн.