Павлодарлық энергетик республикалық байқаудың жеңімпазы атанды
Жеңімпаз қазіргі уақытта өндірістегі жұмысын университеттегі оқуымен қатар алып жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ 3-ЖЭО отын-көлік цехының 4-разрядты отын жеткізу машинисі Айдын Дүйсенбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Энергетика саласының үздігі» республикалық байқауында үздік деп танылды.
Байқауға қатысушылар өмірбаяны, кәсіби түйіндемесі, еңбек жетістіктері мен жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер ұсынып, бірнеше конкурстық тапсырманы орындаған. Сонымен қатар энергетика саласының дамуы, жаңа технологияларды енгізу және өндірістің болашағына қатысты сұрақтарға жауап берген.
– Кәсіби өсу жолындағы еңбегім мен талпынысымның осындай жоғары бағаға ие болғанына қуаныштымын, – деді Айдын Дүйсенбаев.
Ол еңбек жолын 2023 жылы Павлодардағы 3-ЖЭО-да бастаған. Қазіргі уақытта қазандық цехына отынның үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Бұл станция жабдықтарының тұрақты жұмыс істеуі үшін маңызды бағыттардың бірі саналады.
Жұмысымен қатар Айдын Дүйсенбаев Торайғыров университетінде жабдықтар диагностикасы мамандығы бойынша білім алып жүр. Ол өндірістік технологиялар мен энергетика саласына жасанды интеллект енгізу бағыттарын зерттеуде.
Маман сондай-ақ өндірістік, өрт және экологиялық қауіпсіздік, төтенше жағдайлар, персоналды басқару және өндірістік процестерді цифрландыру бойынша бірқатар курстардан өткен.
– Энергетика саласы үздіксіз дамуды, жоғары жауапкершілікті және жаңа білімге ашық болуды талап етеді. Жанып тұрған жарықтың артында мыңдаған энергетиктің еңбегі тұрғанын ұмытпау керек, – деп атап өтті жеңімпаз.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл марапат павлодарлық энергетиктердің кәсіби деңгейі мен саланы дамытуға қосқан үлесінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.