Павлодарлық еріктілер Қостанай облысына гуманитарлық көмек жөнелтпекші
Жәрдемдесуге өңірдің кәсіпкерлері, депутаттары, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдары қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық Жастар бастамаларын дамыту орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 сәуірден бастап жастар орталығының негізінде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында облыстық гуманитарлық көмек жинау пункті ашылды.
– Біз барлық мүдделі бизнес өкілдерін еріктілерімізге көмектесуге шақырамыз, – делінген хабарламада.
Еріктілер Ақтоғай ауданының Жалаулы және Шолақсор ауылдарының құтқарушылары мен зардап шеккен тұрғындарына жалпы көлемі 3 тоннадан астам көмек көрсетті.
12 сәуірде Павлодар облысынан Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына гуманитарлық көмек жөнелтілді, бұл – 13 тоннадан астам азық-түлік, жеке гигиена құралдары, матрастар, тұрмыстық заттар мен жылытқыштар.
16 сәуірде еріктілер Солтүстік Қазақстан облысына 20 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізді.
Бүгінгі таңда Қостанай облысына 36 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтіліп, жинау жалғасуда.