Асайын Байханов ұрып-соққан оқушыға қатысты тергеуді қадағалайтын болады

Асайын Байханов ұрып-соққан оқушыға қатысты тергеуді қадағалайтын болады
Фото:@asaiyn.baikhan

Облыс әкімі зардап шеккен баланың отбасына көмек көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аймақ басшысы өткен аппараттық жиналыстың жабық бөлігінде Павлодарда  оқушыны жабылып ұрып-соғу оқиғасы бойынша сұрақты қозғады. Бұл туралы ол өзінің жеке инстаграм парақшасында бөліскен еді. 

– Ата-ана ретінде мен бұған бейжай қарай алмадым, сондықтан, полиция департаменті мен облыстың білім басқармасының басшылығына орын алған жағдайды тергеу барысымен мені хабардар етіп отыруды тапсырдым, – деп жазды облыс әкімі. 

Асайын Байханов күдіктілер мен зардап шеккен балалар оқитын мектептердің біріне барып, педагогтармен сөйлесті. 

– Мұндай фактілер біздің қоғамда үйреншікті жағдайға айналмауы керек. Ондай жағдайларды түбімен жою, балаларды мейірімділікке, адалдыққа және әділеттілікке тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз, – деді аймақ басшысы. 

Сондай-ақ, мемлекеттік органдарға зардап шеккен баланың отбасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.

Еске сала кетейік, Павлодарда бір апта бұрын бір топ адам 14 жасар баланы ұрып-соқты. Ол көптеген жарақаттар алып, ауруханаға жатқызылған болатын. Облыстық полиция департаменті сотқа дейін тергеуді жүргізуде. Дәрігерлередің айтуынша, жасөспірімнің жағдайы бүгінде жақсаруда.