Павлодарлық фермерлер үшін Германияға көпір «тартылды»
Павлодар облысы инвестиция және халықаралық ынтымақтастық орталығына айналуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Достық үйінде өңіраралық және халықаралық ынтымақтастық бойынша бизнес-форум жұмысы ашылды. Іс-шараны «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Палатаның Павлодар аудандық филиалының директоры Айдос Шайхислам атап өткендей, мұндағы мақсат – халықаралық және аймақтық серіктестікті нығайту, инвестиция тарту және кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасу.
- Форум – кең ауқымды бірлескен жұмыстың нәтижесі, - деді Айдос Шайхислам. – Мұндай беделді спикерлердің қатысуы Павлодар облысының инвестиция және халықаралық ынтымақтастық орталығына айналуының көрсеткіші. Іс-шара іскерлік байланыстарды нығайтуға және жаңа жобаларды іске қосу үшін жағдай жасауға бағытталған. Форумның оң экономикалық әсері болатынына сенімдімін.

Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев та қатысушылар алдында сөз сөйледі. Ол ауданның кейбір жетістіктерін санамалап өтті. Мысалы, Кемеңгер ауылында шағын өнеркәсіптік аймақ дамып келеді, екі ірі май зауыты салынып жатыр. Биыл ауданға 936 гектар суармалы жер қосылды.
- Павлодар ауданы аймақтағы суармалы жерлер ауқымы бойынша көшбасшы ретінде белгілі. Келесі жылы тағы 1500 гектар суармалы жер қосылады, бұл Павлодар ауданының суармалы алқаптарын 18 000 гектарға жеткізеді. Форум барлық тараптар үшін пайдалы болады деп шын жүректен үміттенемін. Сізге және бүкіл өңірімізге одан әрі өсуді тілеймін, - деді Дидар Ибраев.

Форум екі секцияға бөлінген: біріншісінде Тараз, Атырау, Ақтөбе және Оралдан келген сарапшылар фермерлермен өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шараның екінші бөлімі Германия, Ресей, Өзбекстан және Түрікменстан ауыл шаруашылығы мамандарымен сұхбаттасуға арналды. «Eimermacher Gruppe» басқарушы директоры Гвидо Веншотты қоса алғанда, шетелдіктермен байланыс онлайн режимінде өтті.