Павлодарлық кәсіпкер әріптестері үшін бюрократияны қысқартуды өтінді
Кәсіпкерлер инвестициялық жобаларды іске асырудағы әкімшілік кедергілерді азайтуды ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде кәсіпкерлер тап болатын әкімшілік және құқықтық кедергілерді қысқарту қажет. Бұл туралы инвестициялық форум барысында «KazFerroLimited» ферроқорытпа зауытының бас директоры Қайрат Нүкенов айтып, мемлекеттік органдармен жұмыс істеу рәсімдерін жеңілдетуге қатысты екі нақты ұсыныс жасады.
Қайрат Нүкеновтің айтуынша, оның жобасы 2022 жылы басталған. Жобаны жүзеге асыру барысында инвестор бірнеше рет бір-біріне ұқсас салалық қорытынды алуға мәжбүр болған. Ал екінші қорытындыны алу процесі екі айға кешіккен. Кәсіпкердің мәселесі Бас прокуратураның арнайы прокурорлары араласқаннан кейін ғана шешілген.
Осы тәжірибеге сүйенген Қайрат Нүкенов инвесторға барлық мемлекеттік рәсімдерде пайдалануға болатын бірыңғай салалық қорытынды енгізуді ұсынды. Қазір мұндай құжат индустрияландыру жоспарына енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын алу және инвестициялар туралы келісім жасау кезінде бірнеше рет сұратылады. Оның пікірінше, бір құжат қағидаты әкімшілік кедергілерді азайтып, жобаларды іске асыру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Екінші ұсыныс Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялардың инвестициялық келісімдерге қатысуына қатысты. Қайрат Нүкеновтің айтуынша, қолданыстағы нормалар инвестициялық келісімдер жасауға негізінен ЖШС мен АҚ сияқты ұйымдық-құқықтық нысандарды қарастырады. Ал АХҚО алаңында тіркелген «private company» нысаны бұл тізімде жоқ. Кәсіпкер осы құқықтық қайшылықты жою үшін тиісті нормативтік актілерге өзгерістер енгізуді ұсынды.

Форумда «Рубиком» ЖШС құрылтайшысы Вячеслав Руф инвестициялық жобалардағы жер қатынастарының тұрақтылығына тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпорын Павлодар облысында сүт өндірісі мен жеке жемшөп базасын қамтитын агроөнеркәсіптік кластер қалыптастырып жатыр. Компания жобаға тоғыз миллиард теңгеден астам инвестиция салып, өндірістік және инженерлік инфрақұрылым құрған.
Кәсіпорын үшін маңызды магистральдық құбыр орналасқан жер учаскесін одан әрі пайдалану мәселесі туындаған кезде прокуратура іске араласқан. Қадағалау шараларының нәтижесінде жер пайдалану құқығын ұзартудан бас тарту заңсыз деп танылып, тиісті наразылық енгізілген.
Вячеслав Руф инвесторға ерекше жағдай емес, заңдылық, түсінікті әрі тұрақты ережелер және мемлекеттік органдар шешімдерінің болжамдылығы қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, әкімшілік кедергілерді мәселе сотқа жетпей тұрып жою инвестициялық жобалар үшін әлдеқайда тиімді.
Екі кәсіпкер де прокуратураның инвестицияларды қорғаудағы рөлін атап өтті. Олардың пікірінше, мұндай тетіктер қолданыстағы жобаларды қорғап қана қоймай, жаңа инвестиция тартуға және бизнес пен мемлекет арасындағы сенімді күшейтуге ықпал етеді.