Прокурорлар павлодарлық кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге көмектесуде

Прокурорлар павлодарлық кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге көмектесуде
Фото: автор

Павлодарда инвестициялық форум өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Онда кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Жиынның басты назарында – бизнестің нақты проблемаларын шешу және инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою. Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшулаков прокуратураның бүгінде тек қадағалау органы емес, бизнеске құқықтық қолдау көрсететін серіктес ретінде жұмыс істейтінін атап өтті.

- Біздің міндетіміз – бизнесті негізсіз қысымнан, әкімшілік кедергілерден және заңсыз шешімдерден қорғайтын құқықтық орта қалыптастыру. Инвестордың елге әкелетін капиталы, технологиясы мен жаңа жобалары үшін тұрақты әрі болжамды жағдай болуы керек. Биылдың өзінде прокуратура органдары мыңнан астам кәсіпкерге көмек көрсетіп, инвесторларға қатысты 30-дан астам проблемалық мәселені шешті, – деді ол.

Инвесторларды сүйемелдеу үшін әр жобаға жеке прокурор бекітіледі. Ол жобаны іске асырудың алғашқы кезеңінен бастап рұқсат құжаттарын алуға дейін сүйемелдеп, туындаған мәселелерді мемлекеттік органдармен бірлесіп шешуге көмектеседі.

Прокурорлар келтірген мысалдардың бірі – Павлодарда ет өңдеу зауытын салуды жоспарлаған «Barakat Agro Group» ЖШС компаниясының жобасы. Инвестор 16 гектар жер телімін алу үшін үш рет өтініш бергенімен, әр жолы жаңа себептер көрсетіліп, бас тартылған. Прокуратура араласқаннан кейін жер телімі инвесторға беріліп, қажетті құжаттарды рәсімдеу жеделдетілді.

Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар мәселе шешілген. Тереңкөл ауданындағы «Богдан» шаруа қожалығының көкөніс қоймаларын салу жобасына қажетті жерді жалға алу мерзімін ұзартудан негізсіз бас тартылған. Прокуратураның шараларынан кейін кәсіпкердің жерге құқығы қалпына келтіріліп, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды.

Прокуратураның араласуы бір кәсіпкердің мәселесін ғана емес, бүкіл салаға әсер ететін жүйелі кедергілерді шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, «БИП» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға субсидия ала алмай, бір жылға жуық уақыт күткен. Тексеру барысында ақпараттық жүйенің елді мекендер санатына жататын, бірақ заңды түрде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерді танымағаны анықталды. Прокуратураның бастамасымен Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау тәртібіне өзгеріс енгізіп, мұндай жерлерді де есепке алу мүмкіндігі пайда болды.

Құқықтарды қорғау тетіктерінің бірі – прокурорлық сүзгі. Оның арқасында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор инвесторға қатысты бірқатар тексеру және шектеу шараларын прокурормен келісусіз жүргізе алмайды. Инвесторлар комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы бұл тәсілдің негізгі мақсаты проблеманы дау туындағаннан кейін емес, алдын ала шешу екенін атап өтті.

- Біздің қағидамыз – инвестордың мәселесі дауға айналғанын күтпеу. Әр жобаға жеке прокурор бекітіліп, ол инвесторды іске асырудың алғашқы күнінен бастап сүйемелдейді. Бүгінде бұл жұмыс цифрландырылған, ал инвесторлар прокурормен тәулік бойы байланыса алады, – деді ол.

Аким Павлодарской области Асайын Байханов прокуратураның бизнес құқықтарын қорғаудағы жұмысын қолдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың жұмысында туындайтын кейбір мәселелерді прокурорлық қадағалау арқылы уақытында анықтап, кәсіпкерлердің мүддесіне сай шешуге болады.

- Инвесторлар мен адал кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – Әділетті Қазақстанның нақты көрінісі. Прокуратура мемлекеттік органдардың жұмысындағы әлсіз тұстарды көрсетіп, кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге көмектесіп келеді. Біз бұл бағыттағы жұмысты толық қолдаймыз, – деді облыс әкімі.

Форумда айтылған нақты мысалдар прокуратураның бизнеске қатысты ұстанымының өзгеріп келе жатқанын көрсетті: басты мақсат – кәсіпкерді мәселе туындағаннан кейін қорғау ғана емес, инвестициялық жобаның жолында кедергі пайда болуына жол бермеу.