Павлодарлық кәсіпкерлерге МӘМС төлемдеріндегі өзгерістер түсіндірілді
Жүйеге бес жыл тұрақты жарна төлеген азаматтар төлем тоқтағаннан кейін алты ай бойы медициналық қызмет ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, палатада әлеуметтік мәселелер жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Кездесуге бизнес өкілдері онлайн форматта қатысты.
Палата директоры Айдос Шайхислам МӘМС мәселесі кәсіпкерлер үшін жұмыс беруші ретіндегі міндеттемелерімен және қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
– Қызметкерлер үшін МӘМС бойынша жарналар мен аударымдарды қалай дұрыс есептеу және төлеу керек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қандай өзгерістер болды және кәсіпкерлер қандай жаңалықтарды ескеруі қажет – бұл әртүрлі саладағы кәсіпкерлер үшін аса өзекті, – деді Айдос Шайхислам.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Әсел Оқапова 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндірді.
Негізгі өзгерістердің бірі МӘМС жүйесіне ұзақ уақыт тұрақты түрде жарна төлеген азаматтарға қатысты. Егер азамат жүйеге бес жыл бойы үздіксіз жарна төлесе, төлем тоқтаған жағдайда тағы алты ай бойы медициналық қызметтерді пайдалану құқығын сақтайды.
Әсел Оқапованың айтуынша, МӘМС жүйесінде мемлекет, жұмыс берушілер, жалдамалы қызметкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер жарна төлейді.
– Төлемдер 12 ай бойы үздіксіз түсуі тиіс. Бұл кезеңде 2025 жылғы тамыздан 2026 жылғы шілдеге дейінгі төлемдер өтелуі қажет. 2026 жылғы тамыз айы үшін төлемдерді жеке кәсіпкерлер 25 қыркүйекке дейін аударуға құқылы, – деді Әсел Оқапова.
МӘМС бойынша жұмыс беруші қызметкер жалақысының үш пайызын, ал қызметкер екі пайызын төлейді. Жеке кәсіпкерлер үшін төлем – 5 950 теңге, дербес төлеушілер үшін – 4 250 теңге. Арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер табысының бір пайызын төлейді.
Кездесу барысында кәсіпкерлер мен Кәсіпкерлер палатасының аудандық және қалалық филиалдарының директорлары бизнес қызметінде кездесетін жекелеген жағдайлар бойынша сұрақтарын қойды.
Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Павлодар облысы бойынша филиалының өкілі Нұрғани Мусина азаматтарға қордан төленетін әлеуметтік төлемдер туралы ақпарат берді.