Павлодарлық колонияға тыйым салынған заттарды алып кіруге жол берілмеді
Сотталушылардың туыстары мен таныстары әкелуге болмайтын заттарды кіргізу үшін түрлі амалдарды ойлап табуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Polisia.kz ақпараттық медиа-порталының мәліметінше, №45 мекеме қызметкерлері мен 6679 әскери бөлімнің кезекші қарауылымен бірлесіп жүргізген тексеріс кезінде КамАЗ көлігінің жүксалғышында жасырынған тыйым салынған заттар табылып, тәркіленді.
– Құрылыс материалдарын тиеу үшін мекемеге кірмек болған КамАЗ көлігінің жүргізушісі басқа азаматпен бірге TEXET-130 телефондары мен зарядтау құрылғыларының USB кабельдерін өткізбек болған, – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, материал шешім шығару үшін Павлодар қаласының әкімшілік сотына дайындалып жіберілуде. Аталмыш құқық бұзушылық ескерту немесе 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлмен жазаланады, сонымен бірге заттың тәркіленуі қарастырылған.
Мекеме қызметкерлері үнемі сотталғандар мен олардың кездесуге келетін туыстарымен үнемі алдын алу әңгімелерді жүргізіп, қандай заттарды әкелуге болмайтынын түсіндіреді.