Павлодарлық команда «Ана тілі» олимпиадасында жүлде алды
Өңірдің екі оқушысы жоғары оқу орындарының гранттарын жеңіп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
1–2 наурыз күндері Астана қаласында Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыруымен «Ана тілі» республикалық интеллектуалды қазақ тілі олимпиадасының қорытынды кезеңі өтті. Іс-шара «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының меморандумы аясында бірлесіп ұйымдастырылды.
Республикалық кезеңге дейін 2025 жылғы желтоқсанда іріктеу туры өтіп, оның нәтижесінде Павлодар облысының үш командасы финалға жолдама алған.
Олимпиада үш турдан тұрды: «Пікірсайыс», «Тілшілер сайысы» және «Білімпаздар» викторинасы. Қатысушылар қазақ тілі, тіл білімі және ғылым-білім бағыттары бойынша білімдерін сынға салды.
Қорытындысында Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының командасы «Пікірсайыс» турында І орын алып, жалпыкомандалық есепте ІІ орын иеленді.
«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» дарынды қыз балаларға арналған лицей-интернатының командасы мен Екібастұз қаласының командасы командалық есепте ІІІ орындарға ие болды.

Сонымен қатар Мейіржан Баршынбаев Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті грантын, ал Сара Темірбек Ұлттық қыздар педагогикалық университеті грантын жеңіп алды.
Фотосуретті облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі ұсынды