Павлодарлық маман Қазақстан құрамасы жаттықтырушылары қатарына енді

Павлодарлық маман Қазақстан құрамасы жаттықтырушылары қатарына енді
Фото: «Ертіс» ФК

«Ертіс» футбол клубының жаттықтырушысы Валерий Белгібаев Қазақстанның 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушылар штабына шақырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық маман 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Қазақстан футбол федерациясының Талғардағы академиясының спорттық-дайындық базасында өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысады. Жиын аяқталған соң Қазақстан U16 құрамасы Батумиге аттанып, 5-12 қазан аралығында «BATUMI CUP-2026» халықаралық турнирінде өнер көрсетеді.

Бұл — павлодарлық футбол мамандарының ұлттық құрамалар деңгейіндегі кезекті өкілдігі. Бұған дейін биыл «Ертістің» жастар командасының жаттықтырушысы Расул Маруа Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының жаттықтырушылар штабына шақырылып, талдаушы жаттықтырушы қызметін атқарады. Қазақстан әйелдер құрамасы қазан айында әлем чемпионаты-2027 іріктеу кезеңінің плей-оффында Ирландия құрамасымен кездеседі.

Сонымен қатар «Ертістің» үш футболшысы — қақпашы Мирас Рихард және қорғаушылар Рамазан Кәрімов пен Сағи Мәлікайдар — 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарына қатысу үшін Қазақстанның U21 жастар құрамасына шақырту алды.

Естеріңізде болса, Қазақстанның ұлттық құрамасын 2026 жылғы 22 маусымға дейін тағы бір павлодарлық маман — Талғат Байсуфинов басқарды.