Павлодарлық NIS командасы республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсетті
Жаратылыстану-математикалық бағытында жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім додасын ҚР Білім министрлігі және облыстық білім беру басқармасының «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Жарыста Павлодар қаласындағы NIS оқушылары жоғары нәтиже көрсетті.
Марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов, білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина және облысымыздың мамандандырылған мектептерінің басшылары мен құрметті қонақтар қатысты.
– Білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін дамыту мемлекеттік стратегияның негізгі мақсаты болып табылады. Сіздердің олимпиадаға қатысуларыңыз бен білімге деген құштарлықтарыңыз біздің еліміздің білім саласын күннен-күнге кемелдендіре, нығайта түсетініне сеніміміз мол. Бүгінгі марапаттау рәсімі – сіздердің білім алудағы табанды еңбектеріңіздің қорытындысын көрсететін шара. Бұл жеңіс сіздер үшін жаңа бастама мен бұдан да биік белестерге жетуге ынталандыру болсын, – деді Айзада Құрманова.
Дарындылар додасына еліміздің әр өңірінен 316 оқушы қатысып, жоғары дайындықтары мен қабілеттерін көрсете білді. 145 оқушы жүлдегер атанып, 71 қола, 45 күміс және 29 алтын жүлдені ұтып алды.
Команда құрамында өз білімдерін саралаған Нұрлыбек Тамерлан мен Малика Нүкенова үшінші орынды иеленді. Тамила Рахимова екінші орынға, Рамиль Сәрсенбаев бірінші орынға ие болды.
Жетекшілері – Мұхит Аутаев, Ілияс Шорманов, Ирина Бабич.
– Химия пәнінен олимпиадаға қатыстым. Тапсырмалар бастапқыда деңгейі бойынша қиындық тудырды. Дегенмен бар химиядан үреніп келе жатқан формула мен теңдеулерді еске түсірдім. Еліміздің түкпір-түкпірінен өзіме жас дос таптым. Олармен өзара ой алмастық. Мұндай жоғары деңгейдегі олимпиадалардың келешегі кемел жас ұрпаққа берері көп деп ойлаймын. Шәкірттің ой-өрісінің кеңейуіне өз септігін тигізеді деп есептеймін, – дейді олимпиаданың алтын медаль иегері Павлодар қаласындағы NIS 9-сынып оқушысы Рамиль Сәрсенбаев.
Жаратылыстану-математикалық бағытында жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиадада NIS мектебі «Ең үздік олимпиадалық команда - 2024» бас жүлдесін жеңіп алды.