Павлодарлық оқушы Қызыл кітапқа енген құсты құтқарып қалды
Сол сәтте ол құстың сирек кездесетін әрі қорғауға алынған түрі екенін білмеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№25 мектептің 5-сынып оқушысы Даниал Шумаков ата-анасымен бірге таңғы серуен кезінде жараланған құсты құтқарып қалды. Кейін оның Қазақстанның Қызыл кітабына енген кезқұйрық екені анықталды.
Отбасы Ертіс өзенінің жағасындағы Усолка шағын ауданында серуендеп жүрген. Су тасуына байланысты олар өзен жағасына жақындап келгенде жерде жатқан құсты байқап қалады.
– Біз күн сайын отбасымызбен таңғы серуенге шығамыз. Кейде шаңғы базасына, кейде көпірдің әр жағына барамыз. Сол күні де көпір жаққа барған едік. Ол жерде су жайылып, бақалар пайда болыпты. Су жаққа түскен кезде құсты көрдік. Алғашында өліп қалған шығар деп ойладық. Бірақ тірі екен. Даниал бірден оны ветеринарлық клиникаға апару керек деді, – дейді оқушының анасы.

Отбасы құсты ветеринарлық клиникаға апарған. Онда құстың қанаты сынғаны белгілі болды. Кейін бұл туралы Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мамандарына хабар берілген.
Құстың сирек кездесетін түр екенін отбасы кейін ғана білген.
– Жараланған құсты көргенде оны сұңқар не қаршыға шығар деп ойладым. Орман шаруашылығы қызметкерлері мектепке келіп, диплом тапсырғаннан кейін ғана оның Қызыл кітапқа енген құс екенін білдім, – деді Даниал Шумаков.

Анасының айтуынша, Даниалдың жануарларға деген сүйіспеншілігі бала кезінен байқалған. Ол әрдайым үй жануарларына көмектесіп, табиғатқа жанашырлықпен қарайды.
Сирек құсқа көмектескені үшін орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері мектепке келіп, оқушыны Алғыс хатпен және сертификатпен марапаттады.
Айта кетейік, кезқұйрық – Еуразиядағы ең ірі жыртқыш құстардың бірі. Оның қанат жайымы екі жарым метрге дейін жетеді. Өңір аумағында аталмыш құс көбінесе маусымдық көші-қон және ұя салу кезеңінде кездеседі. Қазақстанда бұл құс ірі өзендер мен көлдердің маңын мекендеп, биік ағаштар мен жартастарға ұя салады.