Павлодарлық оқушы әскери ән байқауының жеңімпазы атанды
Бұл әндер отансүйгіштікке шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылғанына 35 жыл және Павлодар облысының 85 жылдығына орай «Батыл жүрек» мерекелік концерті өтті. Облыстың түкпір-түкпірінен келген колледждер мен мектептердің студенттері әскери, ауған, патриоттық тақырыптағы шығармаларды орындады.
Шараны Павлодар қаласы және Павлодар облысының «Ауған соғысының ардагерлері, мүгедектері мен жергілікті жауынгерлер» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Концерт Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында өтті.
Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне арналған қоғамдық қордың директоры Байғабыл Майкотовтың айтуынша, басты міндет – Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатын берік ұстану.
– Өскелең ұрпақтың бойына Отанға қызмет етуге, оны қорғауға деген құштарлықты қалыптастыру мақсатында осындай іс-шаралар өткізіп келеміз, – дейді Байғабыл Майкотов.
Байқауда бірінші орынды Шарбақты ауданының оқушысы Валерия Белоуско жеңіп алды. Байқаудың екі қатысушысы – Кенжекөл орта мектебінің «Жастар» вокалдық тобы мен Баянауыл ауданынан келген Динара Тілеубекова екінші орын алды. Үшінші орынға павлодарлық Алуа Алдаберген мен екібастұздық Жадыра Жансағын ие болды.
Бас жүлдені Павлодар қаласының № 25 орта мектебінің оқушысы Әділхан Қайролла жеңіп алды.
Барлық қатысушылар мен олардың музыкалық жетекшілеріне қатысқаны үшін сертификаттар берілді. Ал жеңімпаздарға мадақтама қағаздар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Еске салайық, әскери әндердің гала-концертіне қатысушылар ауған жауынгерлерінің бес күндік автошеруінде іріктелді. Іріктеу процессі сапар кезінде тоқтаған әрбір елді мекенде өтті. Сапар Ақтоғай ауданына бастап, Ертіс, Железин, Успен, Шарбақты, Павлодар, Май аудандарында өтті. Аққулы, Екібастұз, Баянауыл, Ақсуды аралап, Павлодарда аяқталды.
Фото: «Звезда Прииртышья» газеті
Әсия Серікова